Футболдан ел чемпионатының «Астана» командасымен өткізген 10-туры матчы (1:2, қонақтардың пайдасына шешілді) қарсаңында «Атырау» ФК-ның директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВ, команданың бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧ және команда капитаны Валентин ЧУРЕЕВ жанкүйерлермен кездесу өткізді. Жанкүйерлердің қояр сауалдары жиналып қалған екен.
ЖЕРГІЛІКТІ ОЙЫНШЫЛАРҒА АРҚА СҮЙЕЙТІН БОЛАМЫЗ
- Бас бапкерге сұрақ: Біздің командаға келгенде, «Атыраудың» өткен жылдардағы ойынына талдау жүргіздіңіз бе?
М.Р.:- Біріншіден, бізбен кездесуге келгендеріңізге және «Атырау» командасына жанкүйер болғандарыңыз үшін үлкен рахмет. Әрине, біз мұндай талдауды жасадық. Кім қай жерде қалай ойнады, кім гол соқты, бәрін қарадық.
А.Ж.:- Мен Миодрагқа бұрынғы бапкер Зоран Филиппович жөнінде сұрақ қоймауларыңызды өтінемін. Әріптестердің сыртынан сөз айтып, өзі жоқта оны талқыға салмайды.
- Команда 9 турда небары 4 гол соқты. Мұның себебі неде? Неге Микаэль Антуан-Курье гол соқпай жүр?
- М.Р.: - Біздің команданың қорғанысы сенімділігі жағынан премьер-лигада екінші болып есептеледі. Курье өте тәжірибелі ойыншы, ол түрлі елдерде ойнаған, көп гол соққан. Оған сәттілік жетіспей жүр деп ойлаймын. Ойын барысында Курье үлкен пайда әкеледі, ол өзінің белсенді қимылдарымен қарсыластардың қорғанысын мазалап, шабуылға шығуларына кедергі жасайды.
- Болашақта «Атырау» командасының сапынан көргіңіз келетін басқа командалар ойыншыларын атай аласыз ба?
- М.Р.: -Мен клуб басшылығымен өз ойыншыларымызды тәрбиелеуіміз керек деген бір шешімге келдім. Облыс үлкен және мұнда талантты жастар көп деп ойлаймын. Егер бір нақты позицияға ойыншы керек болса, дайындаймыз. Соңғы матчтарда жергілікті 5 ойыншы: Валентин Чуреев, Денис Родионов, Бейбіт Татишев, Алексей Маров және Айбар Нұрбековтер алаңға тұрақты шығып жүр.
- Жас ойыншылардан командаға кімдерді тартасыз?
- М.Р.: -Нұрсұлтан Мәдиев, Асылбек Сейітқалиев, Артур Галлиев, Алексей Родионовтарды атауға болады. Алаңға тек жергілікті ойыншыларды ғана жіберіп, сынақ та жүргізуге болады.
Алайда нақты позицияларға ойыншылар алу керек. 10 маусымнан 3 шілдеге дейін жазғы трансферлік терезе ашылады, бізге, алдыңғы кезекте, шабуылшылар керек. Қазір үміткерлерді қарап жатырмыз, бірақ аттарын атамаймыз, бәсекелестеріміз де қарап жатқан жоқ.
«ҚАРЫЗДАРДЫ ЖАБАМЫЗ»
- А.Ж.: - Жақында Қазақстанның футбол федерациясы (ҚФФ) бізге 15 мамырға дейін екінші мерзім берді. Егер қарыздарды осы уақытқа дейін өтемесек, командадан 6 ұпай шегеріледі. Клуб және оның қарыздары бойынша жағдай облыс әкімі Бақтығожа Ізмұхамбетов пен «Атырау» ФК-ның президенті, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның толық бақылауында.
Қарыздардың көп бөлігін жаптық, қалғандарын 10 мамырға дейін өтеп боламыз. Бұл жағдай өз шешімін тапты деуге болады. Ойыншылар жалақылары мен сыйақыларын уақытында алып отыр.
Резерв туралы айтсақ, бәріңіз білесіздер, жақында біз футбол орталығын аштық. Онда 200-ден аса бала шұғылдануда. Жұмыстар өте сауатты жүргізіліп жатыр. Қазір ол жерде ҚФФ-ның жаңа техникалық директоры Владимир Григорьев жұмыс жасайды, балалар жаттықтырушыларының барлық жұмыстарын бақылауда ұстауда. Балаларымыз оқумен қатар Қазақстан чемпионатына қатысып жүр. Бұл үшін облыс әкімі бөлек бюджет бөлді. Балалар толықтай қажетті киім, жабдықтармен қамтамасыз етілген, бапкерлері жақсы жалақы алады.
- Команданың қосалқы құрамы неге нашар өнер көрсетіп жүр?
А.Ж.: - Олар ойынға «негізгі құраммен» бірге ұшпайды, пойызбен барады. Нәтижесінде, жаттығусыз, жол соқты болып, футбол ойнайды. Бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Өкінішке орай, чартерлік рейстер басқа командаларға қарағанда бізге екі есе қымбатқа түседі, өйткені елдің кез келген нүктесіне бару үшін біз ұшақты Алматыдан жалдаймыз. Егер Атырауда ең болмаса бір әуе компаниясы орналасқан болса, мұндай болмас еді. Алайда, келесі маусымда қосалқы құрамды да әуе тасымалы арқылы жеткізуге қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, биыл қосалқы құрам оқу-жаттығу жиындарына еш жаққа бармаса, келесі маусымға Түркияға немесе Өзбекстанға бару шығындарын саламыз. Жастар командасы біз үшін маңызды, өйткені бұл біздің негізгі резервіміз ғой.
- Қосалқы құрамда жігіттер 21 жасқа дейін ойнайды, содан кейін олар негізгі құрамға іліге алмаса, футболдан қол үзеді. Чемпионаттың 1-лигасында ойнайтын команда құру жоспарларыңызда бар ма?
А.Ж.: -Құлсары қаласынан 1-лига командасын құру туралы идея бар. Егер аудан басшылығы қолдау көрсетсе, «Атырау» ФК менеджмент пен команда құру бойынша жұмыстармен көмектесуге дайын.
БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ
- Алматыда жергілікті «Қайраттың» ойындары кезінде стадион алдында жанкүйерлерге арналған жалаушалар мен футболкалар саудасы жүреді. Бізде осындай сауда нүктелері қашан пайда болады?
А.Ж.: - «Атырау» футбол клубы пайда болғаннан бері осы командалық атрибутика бойынша жұмыстар жүргізілген жоқ. Бүгінгі күні біз атрибутикалар дизайны бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бір-екі күнде сызбалары келіп қалуы керек. Егер біз оны бекітетін болсақ, біздің жанкүйерлерге арналған өз шарфтарымыз, бейсболкаларымыз және т.б. болады. «Мұнайшы» және «Судоремонтник» стадиондарында фан-шоптар ашылады. Базарлардағы өткізу нүктелерімен келіссөз жүргізетін боламыз.
Біздің үлкен маркетингтік бағдарламамыз бар. Футбол клубы жалғыз бюджет ақшасына қарап отырмауы керек. Өңірде жұмыс жасайтын ірі компанияларды тартуға тырысамыз.
- Жабық футбол манежінің құрылысы туралы не айтасыздар?
А.Ж.: - Манеж жобасы бар. Өте жақсы жоба. Мен оны облыс әкімдігіне жібердім. Ендігі әңгіме жер мен қаражат бөлуде.
- В. Чуреевке сұрақ: жаңа бас бапкер мен ойыншылар арасында қандай қарым-қатынастар орнады?
- В.Ч.: - Қазір ұжымда өте жақсы жағдай қалыптасқан. Ойыншылардың көңіл күйі көтеріңкі. Бапкерлермен қарым-қатынаста кедергілер жоқ.
Чуреев өз сөзінің дәлелі ретінде Радуловичті бауырларша құшағына қысты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ