Бүгін, 5 желтоқсанда №2 қалалық сотта Сарыөзектегі №2 Атырау облыстық ауруханасының алты дәрігеріне қатысты үкім шықты.
Естеріңізге сала кетейік, дәрігерлер 37 жастағы босанушы Гүлдана ХИНАТУЛЛАНЫҢ өліміне әкеп соқтырған кәсіби міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айып орындығына отырған болатын.
37 жастағы Гүлдана төртінші баласына жүкті болып ауруханаға түседі. 2022 жылдың 17 қаңтарында бала 3 келі 600 грамм салмақпен аман-есен дүниеге келді. Бірақ анасы келесі күні жансақтау бөлімінде операция кезінде қайтыс болды. Кейін ол көз жұмғаннан кейін «іштің жабық жарасы және ұйқы безінің зақымдануы» деген диагноз қойылды.
Босанған әйелдің қайтыс болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай, адам өліміне әкеп соқтыруы») іс қозғалды. Медицина қызметкері науқасқа көмек көрсетпеді деп айыпталды. Бұл босанғаннан кейін Гүлдана ауыстырылған палатадағы бейнебақылау камерасына да түсіп қалған.
Күйеуі Самалбек БЕГАЛИЕВ әйелінің өліміне бір емес, бірнеше медицина қызметкері кінәлі екеніне сенімді. Оның өліміне босануға қатысқан акушерлерді де кінәлады. Бұған, С.Бегалиевтің пікірінше, әйелінің екі қабырғасының сынғаны дәлел болады. Ол босанғаннан кейін келесі күні әйелінің жағдайы нашарлағанын, бірақ әйелдің өтінішіне қарамастан медициналық көмек көрсетілмегенін айтады.
Сотта жауап алынып, бейнежазбалар қаралғаннан кейін жәбірленуші Бегалиев пен оның адвокаты Жамбыл МҰҚАШЕВ сотқа Г.Хинатулланың өліміне сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеуші қылмыстық қудалауды тоқтатқан басқа да медицина қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын тексеру үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтінішхат берді.
Сотталушы дәрігер мен оның адвокаты бұл өтінішті толық қолдады. Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ процеске қатысушылардың пікірін тыңдай келе, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырып, іске қатысы бар деген тағы бес дәрігерді қылмыстық жауапқа тарту үшін істі прокурор Абадан МАМЫРОВҚА қайтарды.
Сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабы («Істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу») бойынша талаптары бұзылған деп тапты. Осыған байланысты басқа тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін белгілеу үшін істі прокурорға қайтарды. Алты дәрігер де ауруханада жұмысын жалғастырды, бірақ оларға басқа жаққа кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сөйтіп, іс бір жыл тоғыз айға жуық уақытқа созылды. Нәтижесінде сотта алты дәрігер айыпталды: кезекші дәрігер Х.Абдалимов, акушер-гинеколог Д.Әлжанова, жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Д.Елеуов, емдеу ісі жөніндегі орынбасардың м.а. Н.Қизатова, анестезиолог У.Смайылов және Төлекешова.
Істе Гүлдананың перинаталдық орталықта босанбағаны туралы ақпарат бар, өйткені оның коронавирусқа ПТР сынамасы оң болып шығып, кейін ол расталмаған.
Сараптамадан кейін сот-медициналық сарапшы: «1984 жылы туған Г.Х.Хинатулланың өлімі асқынған геморрагиялық шоктың салдарынан ұйқы безінің, талақ артериясы мен көктамыры жарылып, ішінен қан кеткеннен болған» деген қорытынды берді.
Айтпақшы, бұдан бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл дерек бойынша бізге былай жауап берген еді: «Түнде оның жағдайы нашарлап, кезекші дәрігер әйелді тексеріп, қажетті ем тағайындады. Бірақ жағдайы жақсармады, таңертең кезекші реаниматолог пен гинеколог оны тексеріп, әйелді жансақтау бөліміне ауыстырды. Пациентте ішкі қан кету күдігі болды, акушер-гинеколог, хирургтер бригадасы қосымша шақырылып, операцияға алынды. Операция кезінде «іш қуысының жабық жарақаты, ұйқы безінің зақымдалуы» диагнозы қойылып, емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсетілді. Бірақ науқастың жағдайы жақсармай, қайтадан ота жасалды. Ал 2022 жылдың 18 қаңтарында ол қайтыс болды».
Тергеу барысында отбасында тағы бір қайғылы жағдай болды: сот процесіне жәбірленуші тарап ретінде қатысқан Гүлдананың әкесі Хинатулла қайтыс болды.
Сот жазаны және қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылар Х.Абдалимов, Төлекешова және Д.Әлжанованың отбасылық жағдайын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен үшеуі де ҚК-тің 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оларды үш жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сот 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Төлекешова мен Әлжановаға шартты жаза тағайындалды. Х.Абдалимовке жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтеу тағайындалды.
Жәбірленушінің моральдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды.
Қалған үш айыпталушы Д.Елеуов, У.Смайылов, Н.Қизатова әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақталды. Өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі расталмады.
Атырау облысының прокуроры мен денсаулық сақтау басқармасына 2 жеке қаулы шығарылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Марқұмның күйеуі үкімге шағымданбақ.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор