Атырау қалалық №2 соты Гүлдана ХИНАТУЛЛАНЫҢ өлімі туралы істі басқа тұлғаларды қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігі туралы мәселені талқылау үшін прокурорға қайтару туралы қаулы шығарды.
Бұл туралы қазан айының басында жазғанбыз. Сол кезде «АЖ» редакциясына әйелдің 41 жастағы күйеуі Самалбек БЕГАЛИЕВ Сарыөзектегі №2 Атырау облыстық ауруханасының модульдік бөлімшесінің медицина қызметкерлеріне және қылмыстық істің біржақты тергеліп жатқанына шағымданған болатын.
Еске салсақ, осы жылдың 17 қаңтарында 37 жастағы Гүлдана Хинатулла Сарыөзектегі №2 облыстық аурухананың модульдік бөлімшесінде төртінші сәбиін дүниеге әкелген болатын. Перинаталдық орталықта босанбады, өйткені үш күн бұрын оның коронавирусқа оң нәтижелі ПТР сынамасы болған, кейін ол расталмады.
Босанғаннан кейін ертесіне қан кетіп, операция кезінде жансақтау бөлімінде көз жұмды. Салмағы 3 келі 600 грамм болып аман-есен дүниеге келген ұл баланы қазір атасы мен әжесі бағып отыр. Қалған үш ұлы әкесі Самалбек Бегалиевтің қолында.
Ол әйелінің өліміне дәрігерлер кінәлі, ал полицейлер қозғаған қылмыстық іске қазіргідей бір айыпталушы емес, бірнеше айыпталушы тартылуы керек деп есептейді.
Бұл қайғылы оқиға туралы материал 7 қазанда сайтымызда жарияланған. Үш күннен кейін полицейлер бірнеше ай бойы тергеліп жатқан істі сотқа берді.
Сотталушы дәрігер Х.А.-ға ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамай, адам өліміне әкеп соғуы) бойынша айып тағылып отыр. №2 қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 қарашада бұл іс бойынша негізгі сот отырысы басталды. Куәгер ретінде Гүлдана Хинатулланы босандырған және оны босанғаннан кейін бақылауы тиіс медицина қызметкерлерінен жауап алынды.
Бұдан басқа, №2 облыстық ауруханада орнатылған бақылау камераларының бейнежазбасы қаралды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауап алудан соң және бейнематериалдарды көргеннен кейін жәбірленуші Бегалиев пен оның өкілі, адвокат Жамбыл МҰҚАШЕВ сотқа Г.Хинатулланың өліміне басқа да медицина қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын тексеру үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтінішхат берді. Оларға қатысты қылмыстық қудалауды тергеуші сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тоқтатқан.
Сотталушы Х.А және оның адвокаты бұл өтінішті толық қолдап, олар да қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ процеске қатысушылардың пікірін тыңдап, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырып, Ғ.Хинатулланы босандыруға қатысқан тағы төрт медикті жауапқа тарту мүмкіндігі үшін істі прокурор Абадан Мамыровқа қайтарды.
«Сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚПК-нің 24-бабының («Істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу») талаптары айтарлық бұзылды деп санады», - деп хабарлайды №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.
Сот сотталушы Х.А.-ның кінәсі немесе кінәсіздігі туралы мәселені алдын ала қараусыз тергеуші Е.-ның медицина қызметкерлері К., Е., С., А.-ға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процессуалдық шешімді мерзімінен бұрын қабылдағанына прокурордың назарын аудара отырып, істі басқа тұлғаларды жауапқа тарту мүмкіндігі болғаны үшін прокурорға қайтару туралы процессуалдық шешім қабылдады».
Сотталушы Х.А.-ға қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шарасы бір айға ұзартылды.
Айнұр САПАРОВА