Осы жылдың 17 қаңтарында 37 жастағы Гүлдана ХИНАТУЛЛА Сарыөзектегі №2 Атырау облыстық ауруханасының модульді бөлімшесінде төртінші сәбиін дүниеге әкелді. Келесі күні ішінен қан кетіп, реанимацияда ота үстінде көз жұмды. 3 келі 600 грамм салмақта дүниеге аман-сау келген ұл бала қазір нағашы әжесі мен атасының қолында өсіп келеді. Қалған үш ұл қазір әкелерімен бірге тұрып жатыр.
41 жастағы Самалбек БЕГАЛИЕВ әйелінің өліміне дәрігерлер кінәлі деп санайды және осыған қатысты қозғалған қылмыстық іске бір емес, бірнеше дәрігер жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.
Бегалиев те полиция қызметкері, қалада учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Бұрын жедел басқару орталығында жұмыс істеген, бірақ әйелі көз жұмғаннан кейін ойы бөліну үшін осы қызметке ауысқан.
Гүлдана екеуінің тұңғышы 18 жаста, мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбедегі медицина институтына оқуға түскен. Бірақ анасының қазасынан соң оқудан шығып, әкесінің жанына тіреу болу үшін келген. Қазір қаладағы мейрамханалардың бірінде еңбектеніп жүр. Кейінгі үшеуі кәмелет жасына толмаған: біреуі 14 жаста болса, кейінгісі 6 жаста, ал кенжесі Сұлтан он айлық. Марқұм Гүлдананың 68 жастағы анасы Светлана САРУЗЕНОВА аяққа тұрғанша бағып беру үшін Сұлтанды бауырына басқан.
«НЕГЕ БІР АДАМ ҒАНА ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР?»
Қазір бұл іс бойынша бір дәрігер күдікті деп танылған. Алайда, Самалбек Бегалиев әйелінің өліміне бір емес, бірнеше адам кінәлі деп санайды. Ол дәрігерлер босандыру кезінде әйелінің ішінен басып екі қабырғасын сындырып жіберген деген пікірде. Оның айтуынша, әйелі босанған соң ертесіне жағдайы нашарлап, дәрігерлік көмек дер кезінде көрсетілмеген.
- Тергеу ісі бойынша әйелім босанған соң ертесіне көмекке шақырғанда келмеген дәрігер ғана жауапқа тартылып отыр. 3 қыркүйек күні мен жұмыста жүргенде WhatsApp-қа үйіме келіп тұрғанын айтып хабарласты. Мен сөйлескен жоқпын, «келмей-ақ қой» дедім. Кешірім сұраса, баяғыда келмей ме? Әбден жаны қысылған соң келіп тұр. Мен тергеу басқармасынан әйелімді босандыруға қатысқандар мен босанған соң кезекшілікте болған дәрігерлер мен барлық медперсоналды түгел жауапқа тартуды талап етіп келемін. Бірақ, бұл талабым ескерусіз қалып отыр, - дейді Бегалиев.
Модульдік бөлімшедегі бейнебақылау камералары түсірген 60 бейнежазбаны толық көріп, зерттеп шыққанын алға тартты; әйелін босандыруға сол жерге жедел жәрдеммен таңертең апарғаннан бастап босандырғанға дейін, босандыру кезі және қай уақытта жансақтау бөлімшесіне алып кеткені мен ота жасап жатқаны түсірілген. Бейнежазбада әйелін төрт медицина қызметкері босандырып жатыр.
- Көріп тұрсыз ғой, бір әйел бар денесімен ішін басып, қалған екеуі аяқтарын екі бүйіріне жұлқып итеріп тұр. Әйелімді әбден қинаған ғой бұлар! Оларды неге жауапқа тартпайды? Түнде жолдасым ауырып жатырмын деп дәрігерлерді көмекке шақырған. Бірақ, ешқайсысы келмеген. Арада төрт-бес сағат өткен соң барып бір медбике келіп, қайтып шығып кеткен. Ертесіне Гүлданадан қан көп кеткен. Бір видеода оны арбаға салып, жансақтау бөлімшесіне апара жатқаны көрініп тұр. Қараторы әйелім аппақ болып кеткен...
«МЕН БОСАНДЫМ, СӘКЕ! ҰЛДЫ БОЛДЫҚ!»
Оның айтуынша, әйелінің толғағы 17 қаңтар күні таңғы сағат 5-те басталған. Әйелі оны оятып, жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем Гүлдананы облыстық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасына алып барады. Неліктен облыстық перинаталдық орталыққа емес? Себебі, оған дейін ПТР сынама әйелінде коронавирус бар екенін анықтаған.
- 14 қаңтарда әйеліме босанар алдында дәрігерлік бақылаудан өту кезінде тапсырған «ПТР-тесті коронавируске оң нәтиже көрсетті» деп, ұялы телефонына sms-хабарлама келді. Ешқандай симптом байқалмаған соң учаскелік дәрігерге ПТР-тестіні қайта тапсырғысы келетінін айтып хабарласты. Учаскелік дәрігер мобильді топ келіп, бүкіл үй-ішін 14 күнге карантинге жабамыз деді. Бірақ ешкім келген жоқ. Ал облыстық модульді жұқпалы аурулар ауруханасында тексергенде «коронавирус жоқ» деп айтты, - дейді Самалбек Бегалиев.
Сөйтіп әйелі 17 қаңтар күні төртінші ұлын аман-есен босанға н. «Мен босандым, Сәке! Ұлды болдық!» деп, сүйінші хабарды әйелі күйеуіне өзі сол күні кешкі сағат 21.30 шамасында телефон соғып қуантады.
- Мен оны естіп қуанып, өзін құттықтадым. Кейін сағат 23.00-тен кете қайтадан соққанда ол жылады. Ойымда ештеңе жоқ, оны «жылама, бәрі күшті болады» деп жұбаттым. Ертесіне таңертең сағат 9-да телефон соққанда жолдасым ұялы телефонға жауап берген жоқ. Ауруханаға өзім барып, сол жерде әйелімді түнгі үштің шамасында жан сақтау бөлімшесіне алып кеткенін естідім. Көп қан кеткен. 18 қаңтар күні кешкісін әйеліме уақыт болғанын хабарлады, - дейді Бегалиев.
Марқұм әйелдің өлімі туралы сот-медициналық сараптама мынадай қорытындыға келген: «1984 жылы туған Г.Х.Хинатулланың өлімі асқынған геморрагиялық шоктың салдарынан ұйқы безінің құйрық жағы, талақ артериясы мен көктамыры жарылып, ішінен қан кеткеннен болған» деп жазылған.
«ҚОЛЫМНАН КЕЛГЕНШЕ ОРНЫН ЖОҚТАТПАУҒА ТЫРЫСЫП ЖҮРМІН»
- Әйелім қайтқалы таңға дейін ұйқы жоқ. Бір-екі сағатқа ғана көзім ілінеді. Таңғы 7-де тұрамын да балаларымды жуындырып-шайындырып, сабаққа жіберемін, сосын өзім жұмысқа кетемін. Күні кеше ғана биыл 1 қыркүйекте бірінші сыныпқа барған 6 жасар ұлым түнде оянып, «мамам үйге қашан келеді?» деп сұрады. Не айтарымды білмедім. Өте қиын, - деп бір көңілі босап алды Самалбектің. - Қолымнан келгенше орнын жоқтатпауға тырысып жатырмын. Балалардың тамағын пісіріп, киімдерін жуамын, сабаққа дайындаймын. Өзім жұмыстан түнгі сағат 11-12-лерде келемін. Мені үйде балаларым кешкі асын ішпей, күтіп отырады. Кейде әзірлеген тамақтарым піседі, кейде шикі піседі, күйіп кетеді. Сосын тамақтарды көбінесе сатып аламын. Қазір қайта ағамның қызы ауылдан келіп, көмектесіп жүр.
Самалбектің айтуынша, ол әйелінің бейітінің басына да жиі барып тұрады. «Әйеліме мұңымды шағамын, сосын өзіммен-өзім сөйлесіп отырғанымды түсініп, есімді жиып, кері үйге, балалардың жанына келемін» дейді.
«ДЕНСАУЛЫҒЫНА ШАҒЫМЫ БОЛҒАН ЖОҚ»
Гүлдананың әке-шешесі де қыздарының қазасы дәрігерлердің қателігінен болғанын және тергеу ісінің жан-жақты қаралмай отырғанын айтады. Ал анасы Светлана Сарузенова қызының жүктілігі қалыпты өткенін, денсаулығына шағымы болмағанын жеткізді.
- Қызым босанған күні күйеу балам «сүйінші, қызыңыз жеңілденді» дегенде, мен өзім қызыма соқтым. Сонда қызым, «мама-ау, қиналдым-ау, қиналдым» деп қайталап үш рет айтты. Басқа еш нәрсе айтпастан, соңғы рет қоштасқаным екен қызыммен. Өзі босана алмай қиналса, неге кесір тілігін жасамады, неге қызымды әбден қинады? – дейді Светлана Сарузенова қайғыдан қан жұтып. Содан соң көз жасына ерік берді:
- Қызымның маған тастап кеткен аманаты ғой. Осыны өсіріп, әкесінің қасына жетектетіп жіберсем деп отырмын. Балалары өсіп, әкесіне тірек болсын. Ден сау болса, өсіреміз ғой.
РЕСМИ ЖАУАПТАР
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдап, оның басшысы Асхан БАЙДУВАЛИЕВТЫҢ қолы қойылған мынадай жауап алдық: «Гүлдана Хинатулла, 22.01.1984 ж.т. - 2022 жылдың 18 қаңтарында Атырау облыстық ауруханасының №2 модульді ауруханасында қайтыс болғаны тіркелді. Пациент 2022 жылдың 17 қаңтарында толық жүктілікпен, коронавирусқа ПТР сынамасының оң нәтижесімен ауруханаға түсті. Сол күні ол босанып, палатаға ауыстырылды. Түнде оның жағдайы нашарлап, кезекші дәрігер әйелді тексеріп, қажетті ем тағайындады. Бірақ жағдайы жақсармады, таңертең кезекші реаниматолог пен гинеколог оны тексеріп, әйелді жансақтау бөліміне ауыстырды. Пациентте ішкі қан кету күдігі болды, акушер-гинеколог, хирургтер бригадасы қосымша шақырылып, операцияға алынды. Операция кезінде «іш қуысының жабық жарақаты, ұйқы безінің зақымдалуы» диагнозы қойылып, емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсетілді. Бірақ науқастың жағдайы жақсармай, қайтадан ота жасалды. Бірақ 2022 жылдың 18 қаңтарында ол қайтыс болды.
Қазір азаматша Г.Хинатулланың өлім фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіп жатыр, сондықтан толық ақпарат сот процесі аяқталғанда беріледі».
Ал Атырау облысы полиция департаменті қысқаша жауап берді: «Г.Хинатулланың өлім фактісі бойынша қатысты ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігі («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай адам өліміне әкеп соқтыруы») бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды».
Ал Самалбек Бегалиев Бас прокуратураға арыз жолдаған, Президент әкімшілігіне арыз әзірлеп жатыр.
Айнур САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор