Атырау, 25 қараша 18:30
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Виртуалды сауда, нақты кедендік ресім

2 015 просмотра

1 наурыздан бастап Қазақстанда шетелден тауарлар алудың жаңа ережелері қолданыла бастады. Бұл жаңалық Қазақстанға жеке тұлғаларға жіберілген, соның ішінде шетелдік интернет-дүкендерге тапсырыс берілген барлық коммерциялық емес жүктерге қатысты.

– Жалпы, шетелдік интернет-тауарларды алу процесінде түбегейлі өзгерістер жоқ. Жаңа ереже Қазақстанға әкелінетін тауарлар есебін жүргізу мақсатында енгізілген. Мәселен, шетелден интернет арқылы тапсырыспен тауар алатын қазақстандықтар транзиттік декларацияны ресімдеуі тиіс. Мұны сенімді тұлғалар арқылы, сонымен қатар осы тауарды жеткізетін курьерлік қызметтер арқылы жасауға болады, – деп түсіндірді Атырау облыстық Кедендік бақылау департаменті Кедендік ресімдеу орталығының «Ақ Жайық» кедендік бекетінің бас маманы Жанар БАЙҒАЛИЕВА.

Өз кезегінде корреспонденциялар мен жүктерді жеткізуге мамандаған DHL компаниясының Атырау филиалының экспорттау-импорттау бөлімінің менеджері Нұрлан ӘУБЕКЕРОВ соңғы кездері интернет-шопингтің кең тарап жатқанын атап өтті:

– Көбінесе атыраулықтар киім, аяқ киім, үйге арналған түрлі тауарлар, ұялы телефондар, алуан түрлі гаджеттерге тапсырыс береді. Ережелердегі негізгі өзгерістер жеке мақсатта жеке тұлғалар алатын тауарларға қатысты. Ережелер өзгергенге дейін кедендік ресімдеу пошталық декларациялардың негізінде жүргізілді. Бұл декларацияларды пошта операторы кедендік органға жеке тұлғаның өзін тікелей тартпай бере алады. Жаңа талаптар бойынша кедендік ресімдеу жолаушылар декларациясының нысаны бойынша жүргізіледі. Оны кеденге алушының өзі немесе кеден өкілі ұсынады. 

Өзінің интернет-тауарын жеткізу үшін курьерді таңдау кезінде жеткізуші компания кеден өкілі болып табыла ма, кедендік органға декларацияны беру қызметі ақылы ма, әлде тегін негізде ұсыныла ма, соны алдын-ала нақтылап алған жөн.

– Жүк заңды тұлғаға жіберілген жағдайда, барлық тиесілі кедендік төлемдер мен салықтарды төлеп, тауарларға декларациялар жасау бойынша кедендік ресімдеу жүргізу керек. Жеке тұлғалар басқа елдерден айына 1 000 еуродан аспайтын сомада 31 келіден аспайтын тауарды импорттауға құқылы. Жеке тұлғаларға арналған жеңілдетілген тәртіппен жүкті ресімдеу үшін қажетті нормадан асқан жағдайда, жүк кедендік органға: кедендік кіріс ордері немесе тауарларға декларация (кедендік органның шешуіне қарай) құжаттарын беру арқылы ресімделеді. Кедендік төлем құжаттың нысанына қарай есептеледі. Олардың кедендік құнының 30 пайыз бірыңғай мөлшерлемесі бойынша (бірақ асқан жағдайда 1 келі салмақ үшін 4 еуродан кем болмайды) немесе әкелінетін тауарға салынатын салықтар мен  баж салығына бекітілген мөлшерлемелерге сәйкес есептеу жүргізіледі, - деп атап өтті Н. Әубекеров.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА

16 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.