Индербор кентінде ХІХ ғасырдың көрнекті ақыны, жампоз жырау Мұрат МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ 180 жылдығына арналған ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті.
Конференцияда ҚР Президентінің кеңесшісі, академик, профессор, ақын мұрасын зерттеуші Бауыржан ОМАРОВ ҚР президентінің құттықтау хатын оқығаннан кейін М. Мөңкеұлының шығармаларының талдау кеңістігі және таралым ауқымы жөнінде баяндама жасады. Айтыскер ақын, жырау М. Мөңкеұлы (1843-1906 жж) Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. Жасынан жетім қалған Мұрат ағасы Матайдың қолында тәрбиеленіп, ауыл молдасынан білім алған. Есет би, Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткен.
17 жасынан айтысқа қатысып, үнемі жеңіп отырған. Мұрат ел бостандығын аңсап, зар заман ақыны атанды. Майталман жыршы, термеші М. Мөңкеұлының бірнеше шығармасы бар. Ақынның басты шығармасы «Үш қиян» толғауы.
- Қасиетті Дендер жері қазыналы байлығымен, айдарлы батыр, айбарлы ақындарымен танымал. Ел еңсесін көтеріп, рухын құлатпаған жыраулары бір бөлек. М. Мөңкеұлының шығармашыл ерекшелігі әлі күнге зерттелуде, - деп атап көрсетті аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ.
Бұл күнгі коференцияда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Илья ЖАҚАНОВ Мұрат жырларының құдіретті әсері туралы, академик Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ ақынның шығармаларындағы тілдік-бейнелік аспектілер жөнінде, әдебиеттанушы Мақсат ТӘЖ - Мұраттың жыршылық тұлғасы, ҚазҰУ доценті Аманқос МЕКТЕПТЕГІ Мұратты танытқан Х. Досмұхамедұлы туралы, ақын Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ оның айтыскерлік шеберлігі жөнінде баяндама жасады.
Осы күні Шахман Нағымовтың «Мұрат ақын мұрасы» кітабының тұсаукесері болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Әкімдік ұсынған суреттер