Индер ауданы Есбол селосындағы Бахитов көшесінің тұрғындарына биіктігі 12 қатарлы үймен бірдей антеннадан қауіп төніп тұр.
- 70 жылдардың басында теледидардан кез келген арнаны көру мүмкін емес еді ғой. Сол үшін бұрын осында тұрып кеткен тұрғындардың бірі үйінің жанынан 35 метрлік антенна қондырды., - дейді Бахитов көшесінің тұрғыны Бауыржан ӨТЕСБАЕВ. - Антеннаны тұрғызғаннан кейін үш жерінен қатты темір сымдарымен бекіткен. Бірақ, уақыт өте келе бекіткен тіреуіштері босап, сымдар салбырай бастаған.
Қатты жел күндері антенна теңселіп тұрады екен. Егер ол құласа, бір емес, бірнеше үй жапа шегеді.
- Біз антеннаны бөлшектеп алып тастау туралы жергілікті әкімдікке, ТЖ-мен күрес бөліміне хабарладық. Бірақ, олар әлі ешқандай шара алған жоқ. Ал металл сынығын жинаушылар темірге қызығып алатын болып келеді, бірақ көздерімен көргенде қорқып кетіп қалады, - дейді мазасызданған тұрғындар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА