Ірі мұнай, газ жобаларындағы қазақстандық мазмұнның түкке тұрғысыз аз пайызы – жергілікті бизнес үшін «өзекті» тақырыптардың бірі. Осындай жағдайлардың орын алу себептерінің бірі қазақстандық компанияларда тендерге қатысуға құқық беретін халықаралық сертификаттардың жоқтығы болып табылады.
Халықаралық сертификаттарды алудың қиындығы – ол қымбат және ресімделуі бірнеше айдан бір жылға дейін созылатын машақаты көп рәсім. Қазақстандық 16 компания үшін бұл мәселе Солтүстік Каспий жобасының операторы – НКОК консорциумының көмегі арқасында оңай шешімін таппақ. Оператор 2011 жылғы жергілікті мазмұнды дамытудың ұзақ мерзімдік бағдарламасы аясында осы компанияларды сертификаттау мен оқыту бойынша барлық шығындарды өз мойнына алды.
Жақында ISO 9001, ISO 14001, ISO 22000 және OHSAS 18001 сапалы сертификатты тапсыру салтанатында НКОК-тың жергілікті мазмұн бойынша менеджері Айнұр НЕТАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, осылардың көмегімен жергілікті жеткізушілер тек НКОК-тың тендерлеріне ғана қатысып қана қоймайды, сондай-ақ, өз тауарлары мен қызметтерінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Іс-шара аяқталғаннан кейін НКОК өкілдерінен Солтүстік Каспийдегі құрылыс жұмыстары аяқталуына байланысты тауарлар мен қызметтерді сатып алу көлемі қаншалықты төмендейтіндігі жөнінде сұрадым. Әңгімелесушілерім нақты сандар туралы айтудан бас тартты, алайда құрылыс фазасынан кейін келесі қолданыстағы өндіріске қызмет көрсететін кезең басталатынын ескертті. Бұл кезеңде тек тауарларға ғана емес, сол сияқты жергілікті компаниялардың қызметтеріне де қажеттіліктер туындайды. Көштен қалып қоймаңыздар!
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА