«АЖ» тілшісі орталық көпірден Қайырғали Смағұлов атындағы бульвармен қиылысқа дейінгі (Торговый центр) жағалау бойымен өтіп бара жатып, екі үнпарақты кезіктірді. Біріншісі «Атырау» шипажайының маңындағы шам бағанасына жапсырылыпты. Бұл шарикті қаламмен «Chechen Republick. Free Jahar. За братьев Царнаевых» деп жазылған ақ қағаз парағы.
Екіншісі екі метр биіктікте... бұрын полицейлердің бейнебақылау камерасы орнатылып, кейін алынып тасталған матчқа жапсырылған. Үнпарақта «Dzhokhar Tsarnaev is innocent» (ағылшын тілінен аударғанда - «Джохар Царнаев кінәсіз» деген сөз) деген жазуы бар Джохардың фотосуреті бейнеленген.
Сол жерден өтіп жатқан жүргіншілердің айтуынша, бұл үнпарақтар жағалау бойында бірнеше күннен бері ілініп тұр екен, полиция оларға мән бермепті.
Естеріңізге салсақ, мамыр айының басында осындай үнпарақтар Қарағанды көшелерінен табылған еді.
Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, «АЖ» сайтына жарияланым шыққаннан кейін үнпарақтарды полиция қызметкерлері алып тастаған. Оларды кімдердің ілгендігі іздестірілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор