50-ден астам жолаушы сыятын Yutong маркалы алты автобус бейнебақылау, GPS және дәретхана құрылғыларымен жабдықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
- Автобустардың жаңартылуы - ҚР Үкіметінің 2021 жылғы «Отандық өндірістік автобустарды әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қызмет көрсететін тасымалдаушы мекемелерді жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі. Тасымалдаушы мекеме – «ЛаваТранс» ЖШС. Автобустар 51 орындық, ішінде бейне бақылау, GPS жүйесімен, әжетқанамен қамтылған,- деді Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жанболат АКИНОВ.
Айта кетейік, автобустар күнделікті Атыраудан Құлсарыға қарай және кері бағытта жеті мәрте қатынайды. Билет құны бір бағытқа 2000 теңге. Автобус Атырау-Құлсары бағытында таңғы 8:00-18:55 аралығында жүрсе, Құлсары-Атырау бағытына таңғы 7:00-17:30 аралығында жүреді.
Сонымен қатар, алдағы жоспарларға сай облысішілік Атырау-Доссор-Мақат бағытына қатынайтын автобустарды жаңарту көзделуде.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА