11 мамырда футболдан ел чемпионатының 10-туры матчында «Атырау командасы» «Астанадан» 1:2 есебімен ұтылып қалды.
Ойынның бірінші кезеңінің соңғы секундтарында қонақтар айып добын шебер орындап, есеп ашты. Ал екінші кезеңнің басында күмәнді пенальтиден есепті еселеді – 2:0. Ойынның осылай сәтсіз өрбуі алаң иелерінің сағын сындырмады. «Атырау» көп шабуылдады. Алайда толассыз шабуылдар нәтижесінде тек бір гол соғылды – 65-минутта жас шабуылшы Айбар НҰРБЕКОВ өз мүмкіндігін шебер қолдана білді.
«Астана» жәнеҚазақстан құрамасының бас бапкері Мирослав БЕРАНЕК матчтан кейінгібаспасөз конференциясында нәтижеге көңілі толатынын атап өтті: «Ағымдағы маусымда «Атырау» командасы өз алаңында өткізген ойындарда гол жібермеген еді. Осыған байланысты, алғашқы болып гол соққанымызға қуаныштымын». «Атыраудың» бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧ өз наразылығын жасырмады: «Павлодарлық төрешінің не істегенін бәрі көрді. Ол ойын нәтижесіне әсерін тигізді. Өкінішке орай, қосалқы минуттарда қақпаға гол салғызуға мүмкіндік берген кейбір ойыншыларымыздың да кінәсі бар».
Стадионға жиналған жанкүйерлерді де атап өткен жөн. Олар ойынның соңғы қосалқы минуттарына дейін орындарынан қозғалмай, өз футболшыларына үлкен қолдау көрсетті. Ойын соңында команданы «А-ты-рау, А-ты-рау!» деп, қолпаштап шығарып салды. Осындай жанкүйерлері бар команда жақсы өнер көрсетуі керек!
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ