Атыраулық полицейлер жол-көлік апатынан зардап шеккендерге көмек ретінде қан тапсырып жатыр.
13-19 қараша күндері Атырау облысы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын-алу, азаматтардың өз өмірін сақтап қалуы үшін қауіпсіздік шараларын естен шығармауын ескерту мақсатында «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» акциясы өтіп жатыр.
Акция шеңберінде патрульдік полицияның қызметкерлері облыстық қан тапсыру орталығында 10 литрге жуық қан тапсырды.
- Бұл акция жыл сайын ұйымдастырылады. Апталық аясында жол апаты құрбандарын еске алу күніне орай көшеттер отырғызылып, «Сіздің жолаушыңыз жасөспірім», «Үздік авто-мектеп» сынды тағы да басқа іс-шаралар өткізу жоспарланды, - деді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалау тобының аға инспекторы Бауыржан СӘРСЕКЕНОВ.
Айта кетсек, Атырау облысы аумағында жыл басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 90 адам көз жұмып, 412 адам әртүрлі дене жарақатын алған.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА