Қазақстанда 842 мемлекеттік қызметкер қылмыстық құқық бұзушылық жасады, бұл былтырғыдан 5% аз, деп хабарлайды ranking.kz.
Салыстыру үшін: былтыр сәйкес кезеңде осындай 886 мемлекеттік қызметкер болған — бір жыл бұрынғымен шамалас (2021 жылдың қаңтар–қазаны қорытындысы бойынша 887 адам). Жалпы, мұндай жағдайлар азайып келеді.
Өңірлер бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметкерлер Шымкентте ең көп: 102 адам — былтырғыдан 2,2 есе көп.
Одан кейін Алматы (82 адам, 1,2% көбейген) және Астана (55 адам, 61,8% көбейген) алды. Жетісу (47 адам) және Алматы (43 адам) облыстарында да көрсеткіш жоғары. Ең жақсы жағдай Ұлытау облысында.
Мемлекеттік қызметкерлер жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең көп үлесін пара алу құрады: жалпы санның 22,6%-ы. Пара алған мемлекеттік қызметкерлердің саны бір жылда 4,4% өсіп, 190 адамға жеткен.
Мемлекеттік қызметкерлер алаяқтықпен де жиі ұсталды: 167 адам — былтырғыдан 20,1% көп. Мемлекеттік қызметкерлер жиі бұзған үш баптың қатарында сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу да болды, ол бойынша 107 адам ұсталды.
Жоғарыда аталған баптардан басқа, жиі жасалатын қылмыстар мыналар:
- азаптау;
- лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану;
- әскери қызметкерлер арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде олардың өзара қарым-қатынасының жарғылық ережелерін бұзу;
- көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы;
- пара беру;
- салғырттық;
- жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу.