Қызылқоға ауданында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні салтанатты жағдайда аталып өтті.
Ауданда 1 өндірістік кооператив, 2 агрофирма, 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 7 ЖШС, 529 шаруа қожалығы, 2112 шағын және орта кәсіпкер еңбек етеді.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімі 14 млрд 590 млн теңгеге жетіп, жалпы өнім индексі 101,5 пайызды құрады. Саралап қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 102,4, қой–ешкі 102,8, жылқы 102,1, түйе 101,8 пайызға өскен. Биыл 8045,2 тонна ет өндіріліп 101 пайызға, 12162,3 тонна сүт өндіріліп, жоспар 102,7 пайызға орындалған.
Мал басын асылдандырумен 106 аруа қожалығы айналысып, 899 мал сатып алынды. 2023 жылдың 9 айында аудандағы ШҚ мен шаруашылық құрылымдарға 321 млн 106 мың теңге көлемінде мемлекеттік субсидия берілді.
Аудан әкімі Қанат АЗМУХАНОВ барша еңбеккерлерді мерекемен құттықтай отырып, «Ақшелек» ШҚ төрағасы Серік ҚҰЛШЫҚОВҚА «Елеулі еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты. Бұдан әрі сала бойынша үздіктер номинациясына ие болғандар марапатталды. Оған жеке кәсіпкер Тұрлан БЕКЕШОВ, Гүлназ АЙТБАЕВА, мал дәрігері Бауыржан ӘБДІЛДИЕВ, механизатор Райымберді ЖУМИЕВ, «Ақмоншақ», «Шукатиров», «Ақтаң», «Жұлдыз», «БалкенжеДанияр» ШҚ төрағалары Үсен ТАБЫЛДИЕВ, Ғибат ШУКАТИРОВ, Асхат ҮБІҒАЛИЕВ, Сағызбек ТАСТЕМІРОВ, Ыбырай УАҚИТОВТАР ие болды, ал «Үздік жәрмеңке ұйымдастырушы» номинациясы Мұқыр ауылдық округіне берілді.
Ляззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор