Гүлфайруз Мансұрқызы Ысмайлова 1929 жылдың 15 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Оның шын есімі Қонарбаева Күлпаш Таңсықбайқызы. Балдәурен шағында оны Мансұр Ысмайылов асырап алған. Оның бес перзентінің ішінде Гүлфайруз үлкен қызы еді.
Г. Ысмайлова 1949 жылы Алматы бейнелеу өнері училищесін тәмамдады, ол Қазақ КСР халық суретшісі А.М. Черкасский шеберханасында тәлім алды. Сонымен бірге 1956 жылы Репин атындағы Ленинград көркем сурет, мүсін және сәулет институтының дипломын иеленген.
1957 жылдан Қазақстанның суретшілер одағына мүше. 1970 жылдардың басында Гүлфайрузға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының бас суретшісі міндеті жүктелді.
Ол «Ер Тарғын», «Чио-Чио-Сан», «Аида» іспетті опералардың, «Қыз Жібек» және т.б. кинотуындылардың декорациясы мен костюмдарына эскиздер әзірлеген. Г. Ысмайылованың портреттік және көркем сурет туындыларының саны 100-ден асып жығылады.
Ол «Алитет уходит в горы» туындысында Тыгренаның, «Ботагөз» фильміндегі бас кейіпкердің, «Қыз Жібектегі» Тананың бейнесін сомдауға ат салысты.
Өз ісінің майталманы «Құрмет белгісі»; Халықтар достығы; «Парасат» ордендерімен, өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін «Тарлан» сыйлығымен марапатталды.
Дереккөз: ҚазАқпарат