Әмір Исмағұлов. Фото: ReutersБостондағы лаңкестік ісіне қатысты тергеуге кедергі келтірді деген қылмыстық айып тағылып отырған отандастарымыз - Массачусетс Дартмут (UMass Dartmouth) университетінің студенттері Диас ҚАДЫРБАЕВ пен Азамат ТАЖАЯҚОВТЫҢ ісіне қатысты сот тыңдауы, БАҚ-тар хабарлағандай 14 мамырда өтпейтін болды - ол тағы бір айға шегерілді. Бұл туралы «АЖ» тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Азамат Тажаяқовтың әкесі – жергілікті кәсіпкер әрі қалалық мәслихаттың депутаты Әмір ИСМАҒҰЛОВ хабарлады.
Оның айтуынша, оған ұлының тергеу ісіне қатысты осымен үшінші адвокатты жалдауға тура келген.
- Біздің қазіргі адвокатымыз Аркадий БУХ сот тыңдауының 14 мамыр күні өтуіне қарсылық білдіріп, соттан істі тергеуге 30 күн уақыт бөлуін сұрады. Сот оның талабын қанағаттандырды. Енді Бух тергеу ісін шатастырмақ болды деп тағылған айыпты алып тастау үшін өзінің адвокаттық тергеуін жүргізіп, ұлымның жазықсыз екенін айғақтайтын дәлелдерді сот алдына келтіруіміз керек деп отыр. Диас Қадырбаевтың ісіне қатысты сот тыңдауы да ауыстырылды, - дейді Ә.Исмағұлов.
Естеріңізге сала кетсек, Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқовқа қатысты тергеуге кедергі келтірді деген қылмыстық айып тағылды. Себебі, американдық тергеушілер бұл екеуін Бостондағы лаңкестікті ұйымдастырды деп айыпталып отырған Джохар ЦАРНАЕВТЫҢ рюкзагы мен ноутбугын қоқысқа тастауы арқылы оның әрекетін жасырмақ болды, заттай айғақтарды жоймақ болды деп отыр. Алайда, қазақстандық екі студент өздеріне тағылған айыптармен келіспейді және мойындамайды. Қазір олар федералды қылмыстық түрмеде отыр.
- Әмір аға, сізге жақында ұлыңыз Азаматпен сөйлесудің мүмкіндігі туды. Азамат қалай қазір? Бұл жағдай туралы өзі не дейді?
- Балам: «Папа, менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ» деп отыр. Әрине, оған қандай айып тағылып отырғанын есту жайсыз тиді. Басында қиын болды ғой. Қатты уайымдады. Қазір өзі жаман емес. Ұлымның жазықсыз екеніне сенемін. Ол Царнаевқа көмектескісі келсе, болмаса өзінің бұл істе бір кінәсі болса қашуға ұмтылып, ізін жасыруға тырысатын еді ғой. Оның үстіне, ұлым Царнаевтың досы емес, Диас Қадырбаевтың досы.
- Сіз әзірге сонда боласыз ғой?
- Иә, тергеу аяқталып, сот шешімі шыққанша ешқайда кетпеймін. Ұлымның ісіне қатысты көп фактілер бір-бірімен қиыспайды, қабыспайды. Түсініксіз жайттар баршылық. Сондықтан, бәрі анықталмайынша біз Бостоннан ешқайда аяқ аттап баспаймыз.
Әмір Исмағұлов тағы бір маңызды фактіні айтып өтті. Оның айтуынша, алдыңғы бамперінде Terorrista#1 деген жазуы бар BMW 330XI автокөлігін ұлдарына сыйға тартқан испандық құрбыларының бірі өзінің түсініктемесінде бұл сөздің Америка жастарының арасындағы сауық кештерді қолдауға ие болған әйгілі «Harlem Shake» әнінде кездесетін «terorrista, terorrista» деп қайталанатын сөздерден алынған деп жауап берген.
- АҚШ-та көліктің ресми нөмірі артқы жағында болуы міндетті. Ал алдыңғы жағына қандай жазуы бар тақтайша ілсең де өз еркің. Ол жерде бұл қалыпты жағдай, -дейді Ә.Исмағұлов. Бұдан басқа, онымен кездесуге Бостонның жазушылары мен журналистері сұранып жатқанын білдік.
– Қазір жалпы Бостон ісіне қатысты түсініксіз жағдайлар орын алғанын сезген жазушылар да менімен сөйлескісі келіп отыр. Олар жағдайды бәрінен сұрап анықтағысы келеді. Мән-жайды ашып жазғысы келеді.
Айнұр САПАРОВА