Атырау, 8 қазан 20:40
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Александр Литвинов: «Шымыр болам десеңіз, жүгіріңіз»

3 898 просмотра

Жақында пауэрлифтингтен өткен облыс чемпионатында 27 жүлде тігілді. Атыраудағы осы спорт түрінің жағдайы туралы «Атырау» фитнес орталығының басқарушысы, облыстық бодибилдинг, фитнес және пауэрлифтинг федерациясының президенті Александр ЛИТВИНОВПЕН (суретте) сұхбаттасқан едік.

Біз пауэрлифтингпен 2007 жылдан бері айналысып келеміз. Ол кезде бізде қатысушылар аз болатын. Былтыр облыстық спорт басқармасының басшылығына Қазбек Иманғали келгеннен кейін осы спорт түрінің дамуына бірталай жұмыстар жасалды. Ол біздің негізгі атлеттеріміз - Дмитрий Ли мен Эдуард Қабдешевтің жарыстарға бару жолсапарларына ақша бөлді. Сол кезден бастап біздің федерациямыз ресми тіркелді.

Сонымен қатар, біз облыстық жарыстарды өткізуге қаражат алдық. Жақында пауэрлифтингтен (күштік үшсайыстан) үшінші облыстық чемпионат өткіздік. Күштік үшсайыс үш жаттығудан тұрады: штангамен отырып-тұру, штанганы жатып қолмен көтеру, штанганы белге дейін көтеру. Әр түр бойынша үш мүмкіндік беріледі, ең үздік көрсеткіштер жинақталады.

Қазір пауэрлифтинг Атырауда жақсы дамып келеді. Егер өткен жылғы алғашқы чемпионатта барлығы 35 қатысушы болса, Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орайластырған екінші чемпионатқа 80 атлет қатысты. Биылғы сайыста 200-ден аса адам өнер көрсетті.

Пауэрлифтинг Паралимпиа-далық ойындар бағдарламасына кіреді. Ілияс Төлеуғалиев 2013 жылы мүгедектер арасында чемпион атанды. Мен тағы бір паралимпиада спортшысы Нұрлыбек Исатаев туралы айрықша айтқым келеді, ол дені сау атлеттер арасындағы сайысқа қатысуға ыхтияр білдіріп, 66 келіге дейінгі салмақта 95 келілік штанганы көтеріп, алтын медаль иеленді.

Сондай-ақ, Рифат Закирьяев, Данияр Мұхитов, Юнус Галиев, Елена Караугланова, Дәурен Әмірғалиев, менің қызым Ольга Литвинова, Әмір Қосмүзиев,Михаил Кузняткин және тағы басқалар облыс чемпионы атанды. Жарыстар халықаралық ережелер бойынша өтті. Бәрі де үйрене берсін деп шештім, Қазақстан чемпионатының талаптары да осындай.

Чемпионатта халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, жатып штанга көтеруден Азия чемпиондары және рекордсмендері Дмитрий Ли мен Эдуард Қабдешев шеберлік нөмірлерін көрсетті. Қатысушылардың қолпаштауымен 93 келі салмақтағы Дима 215 келі штанганы, ал 120 келі тартатын Эдуард 220 келі белтемірді көтерді.

- Облыс бойынша осы спорт түрімен айналысатын қанша адам бар?

- Атырауда тренажер залдары өте көп: «Атырау» фитнес орталығы, «4 батыр» ТК, «Ардагер» СО, «Атырау», «Балықшы» және «Мұнайшы» ДСК-лері, 1-ОРМБЖСМ. Осылардың барлығында да пауэрлифтинг жаттығулары өтеді. Сондай-ақ, басқа спорт түрлерінің бапкерлері өз шәкірттеріне штангамен жаттығуларды өткізеді, яғни күштік үшсайыстың жаттығуларын жасатады. Яғни, біздің чемпионаттарға басқа спорт түрлерінің өкілдері де қатыса алады деген сөз.

Жақын әзірде біздер Атырауда пауэрлифтинг мектебін ашқымыз келеді. Өйткені бапкерлердің барлығы штангамен жаттығуды дұрыс өткізе бермейді. Бұл жерде кәсіби тұрғыдан келу керек, себебі жаттығу кезінде омыртқаға үлкен күш түседі және жаттығуларды дұрыс орындамау жарақаттарға әкеліп соқтыруы мүмкін.

- Спортшыларыңызды қандай ірі турнирлер күтіп тұр?

- Наурызда өткен Қазақстан чемпионатында Дмитрий Ли ел рекордын 270 келіге жаңартып, алтын медаль мен мамырдың аяғында литвалық Каунаста өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

- Бұлшық еттерді өсірудің қандай пайдасы бар?

- Өзіңе деген сенімің артады, еркектің атлетикалық мүсініне ие боласыз, ағзаның жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелері жақсарады. Жүрегің әлсіз болса, соншама күштің не қажеті бар? Сондықтан да біз жаттығуды жүгіріс жолдарынан бастаймыз. Сауықтыру жүгірісі – бар спорттың негізі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.