Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінде кәсіпкерлер мен әр түрлі мемлекеттік құрылым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Басты тақырыптардың бірі – елімізге әкелінетін балалар ойыншықтарының сапасына бақылауды күшейту мәселесі.
Атырауда ойыншықтар сатумен 20 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкерлердің бірі Қытайдан әкелінетін тауарларды Алматыдағы «Барахолка» базарынан көтеріп алып сататынын және сол базардан дайын сертификаттарды сатып алып келетінін ашық айтты. Оның айтуынша, ойыншықтар саудасын жүзеге асырумен айналысатын басқа да бизнесмендер дәл осылай істейді.
- Заңға елге әкелінетін тауарларды Қытаймен шекаралас жатқан «Қорғас» кедендік бекетінде-ақ сапа сертификатынан өткізу туралы тармақ енгізу қажет. Мәселен, біз сіздер талап еткен қазақ тіліндегі сертификат қағазын қайдан табамыз? – деп сұрады кәсіпкерлер.
«Сараптама және сертификаттау ұлттық орталығы» АҚ Атырау филиалы бөлімінің бас маманы Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА біздің облыста ойыншықтар үлгісін сертификаттау жөніндегі орган немесе халықаралық аккредиттелген сынақ зертханасы жоқ екендігін алға тартты. Оның пікірінше, Атырауда сынақтың барлық түрлерін қамтитын зертхананы көп күттірмей ашу қажет. Ал Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Альбина ЖАНТҰРҒАНОВА алдағы уақытта Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы бұзылғандығы анықталған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 317 бабы бойынша алты ай мерзімге қызметі тоқтатыла отырып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті. Ал заң екінші рет бұзылған жағдайда кәсіпкерді сотқа береді.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ