Атырау, 7 қазан 10:38
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Балықшыларды «еріктілер» деп жазған

6 280 просмотра

Биылғы жылдың 15 сәуірінде балық аулау артельдері үшін балық аулау маусымының мерзімі: «балық демалысы» күндерінің есебінсіз Жайық өзені бойынша – 17 күнге, Қиғаш өзені бойынша – 25 күнге ұзартатын ҚР үкіметінің қаулысы шықты.

26 сәуірде ««Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау проблемасы» тақырыбында өткен селекторлық кеңесте Бас прокурордың орынбасары Андрей КРАВЧЕНКО балық аулау маусымының мерзімін ұзартуға қарсылық білдірді («АЖ» №18, 02.05.13 ж., «Астанадан келіп, алқымнан алады» жарияланымын қараңыз). Кеңеске еліміздің балық саласын басқаратын қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАПАРОВ қатысты. Ол үкімет шешімі қайта қаралады деп уәде берген еді. Министрлік сайтында Жайық-Каспий бассейнінің балықшылары үстіміздегі жылдың 3 мамырынан бастап кәсіпшілік балық аулауды өз еріктерімен тоқтатты деген хабарлама шықты.

Баспасөз релизінде былай деп айтылған: «2013 жылдың 3 мамырынан бастап Жайық-Каспий бассейнінде (Жайық пен Қиғаш) балық кәсіпшілігімен айналысатын заңды тұлғалар қалыптасқан бекіре тұқымдас балықтардың популяциясының жоғалу қаупін төндіріп тұрған ахуалды түсініп, ерікті түрде балық аулауды тоқтатты.

Бұдан бұрын Жайық пен Қиғаш өзендерінен, сонымен қатар Балқаш-Алакөл бассейнінің су қоймаларынан көктемгі балық аулау мерзімдері ұзартылды.

Алайда балық аулау мерзімін ұзарту үшін негіз болатын ғылыми ұсыныстарды қосымша зерттегеннен кейін балық аулауға тыйым салу мерзімдерін реттеудің нақты механизмінің жоқтығы анықталды. Атап айтқанда, ұсыныстарда уылдырық шашатын кезеңдегі мерзімдердің табиғи-климаттық және ауа-райы жағдайымен өзара байланысы ескерілмеген.

Баспасөз релизінде күзгі балық аулау маусымы Жайық-Каспий бассейнінде ережеге сәйкес 15 тамыздан басталады деп хабарланған.

Балық аулау артельдері басшыларының айтуынша, ешқандай «еріктілік» жөнінде әңгіме қозғалмапты. Оларға облысаралық бассейндік балық шаруашылығы (балық қорғау) инспекциясынан қоңырау шалып, Жайық пен Қиғаштан балық аулауды тоқтатуға бұйрық берген. Әрине, балықшылар дауласып жатпаған, өйткені 10 мамырға дейін Каспий теңізінен балық аулау жүріп жатқандықтан, ешкім де бұрын берілген кәсіпшілік балық аулау билетін жоғалтқысы келмепті. Балықшылардың байқауынша, қазіргі ауланған балық өткен жылғыға қарағанда аз, ал өткен жылы олар лимиттерді орындамаған еді.

Балықшылар арасында наразылықтардың пісіп-жетілгені анықталды. Олар премьер-министр Серік АХМЕТОВКЕ хат жазыпты. Телефонмен сөйлескен кезде балық қорғау инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВ жоғарғы сатыдағы ведомоствоның көзқарасын қолдады. Бірақ 15 сәуірдегі қаулыны әзірге ресми түрде ешкімнің де жоймағанын хабарлады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.