Атырау, 25 қараша 18:51
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Майдангердің туыстарын іздейміз

2 785 просмотра

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі майдангер Хұси Жұмағалиевтың туыстарын іздейді.

Хұси Жұмағалиев соғысқа 1942 жылдың аяғында аттанған және осы күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болатын. 1937 жылдан майданға аттанғанға дейін Орал облысы Жымпиты селосы орта мектебінің директоры болып жұмыс жасады. Ал оған дейін Гурьев облысында тұрып, еңбек еткен.

2012 жылғы тамызда Жымпиты селосына Нижний Новгород қаласынан «Следопыт» іздестіру тобы Хұси Жұмағалиевтың сүйегін тапқаны жөнінде хат келген. Ол 43-тің жазында Курск түбіндегі ұрыста қаза болған екен.

Хұси Жұмағалиев 1909 жылы Гурьевте туған, сол жерде мұғалім болып жұмыс істеген. 30-жылдары жұбайы Қамария Асанғалиевамен (ол да мұғалім), үлкен ағасы Асан Жұмағалиев, бауырлары Рашид, Рақыштармен бірге Орал облысына көшіп келген.

Бізге белгілісі, Хұсидың 1939 жылы туып, 1942 жылы шетінеген ұлы, Бекен атты 1942 жылы туған қызы болған. Соғыстан кейін жұбайының қызын алып, қай жаққа кеткені беймәлім болып отыр. Хұси туралы соғыс ардагері Уәлихан Қасмұханов былай деп еске алады: «Бәріміз Хұсиға ұқсауға тырысатынбыз. Көрікті адам еді ғой. Оның әйелі Қамария қара торының әдемісі еді. Олар көшеде қол ұстасып келе жатқанда, бәрі қызыға қарайтын. Олардың киім киісінен, әңгімелерінен зиялылықтың лебі есіп тұратын. Ол көп сөйлемейтін және балаларға ешқашан дауыс көтермейтін». Айта кетсек, қазақ тілі және әдебиетінен сабақ беретін Хұси Жұмағалиев 1939 жылы Калининнің қолынан Ленин орденін алған.

Хұсидың сүйегін туған жеріне қайта жерлеу – біздің борышымыз. Егер оның ағайын-туғандарын білетін адамдар табылса, бізге хабарласуын сұраймыз. Майдангер, педагог және тамаша адамның жарқын бейнесін есімізге түсірейік.

Айнагүл Ойшыбаева, С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Музей телефондары: 8 (7113) 42-11-06; 8 777 567 19 47.

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.