Атырау облысының ардагерлері туралы бейнероликтердің әлеуметтік желілерде пайда болғанына көп болған жоқ, алайда осы қысқаметражды фильмдердің арқасында оның авторы Талғат ІЛИЯСОВ (суретте) Ресейге, Украинаға және Белоруссияға танымал болды.
Ол режиссер де, жазушы да емес, қарапайым ғана Атырау қаласының тұрғыны. Ол үшін «Ешкім де, еш нәрсе де ешқашан ұмытылмайды» деген сөз бос айтылған әңгіме емес. Шағын ғана аудиоәңгіме жасау идеясы Талғатқа 2010 жылы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы жәнеәскери қайреткер Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ туғанына 100 жыл толуына орай келген еді.
Кітаптардан ақпараттарды жинай отырып, мәтінді өзі жазды, кадр сыртында оқылған дауыс та - өзінікі. Ең қиыны – бейнежазбаларды келтіріп, музыкасын таңдауы... Дайын бейнебаянды өзінің «Мой мир» бетшесіне салды. Осы клипке байланысты дүрлігу мен адамдардың алғыс білдірулерін ол мүлде күтпеді. Алғыс айтылған бірінші хатты ол Украинадан, Харьков офицерлер одағынан алды.
- Мен оларды Ұлы Отан соғысындағы қазақтардың тарихы қызықтырғанына қатты таң қалдым, - дейді Т. Ілиясов. –Бұл мені тағы да осындай бейнебаяндар жасауға шабыттандырды. Осы екі жылда мен қаланың көптеген ардагерлерімен таныстым, олар туралы, олардың ерлігі туралы халыққа өз қауқарымша, бейнебаяндарым арқылы жеткізуге тырыстым. Содан соң ғаламторға салдым.
Қасым ҚАЙСЕНОВТЫҢ «Партизан соқпақтары» шығармасының желісі бойынша «Вася Партизан» бейнебаянын жасауда көп еңбек етті – кітаптың өзін табу қиын болды. «Кеңес Одағының әйел батырлары», «Атыраудың Ұлы Отан соғысы ардагерлері», «Гурьевтік Смыслов пен Кавругиннің майдан жолдары», «Гурьев жаяу әскер училищесінің курсанттары» және басқа да соғыс тақырыбындағы тарихи оқиғалар – біздің облысымыз бен қаламызда тұрған және тұратын осы адамдардың ерлігіне арналған 30-ға тарта бейнебаян сюжетіне арқау болды.
Талғат Ілиясов үшін осы еңбектеріне «Артектің» атақты пионер жетекшісі Ольга САХАТОВАНЫҢ, Харьков облыстық кеңес офицерлері одағы ұйымының, әйгілі іздеуші Мәке ҚАРАЖАНОВАНЫҢ, «Страж границы» Қырым республикалық бірлестігінің төрағасы Михаил ГУДЗЕРДІҢ, «Жаяу әскердің кіші лейтенанты» кітабының авторы Владимир ЛАДЕЙЩИКОВТЫҢ, «Кеңес офицерлерінің бүкілукраиналық одағы» Харьков облыстық қоғамдық ұйымының комиссары және төрағасы Алексей ЯВОРСКИЙДІҢ жолдаған алғыс хаттары мен грамоталары өте қымбат. Осылайша, бұл Талғат үшін тек хобби ғана емес, көп уақытын бөлетін өмірінің бір бөлігіне айналды:
- Ардагерлер кетіп жатыр, жыл сайын азаюда. Мен олардың әрқайсысы туралы жақсы біліп, қолдарын қысып қалуға үлгергім келеді. Олардың ерліктерін халыққа жеткізсем деймін. Бұл енді мен үшін - бар абыройымның ісі.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор