Атырау, 26 қараша 19:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Қиындықты тік тұрып қабылдаған адам»: Ақтөбеде Бергей Рысқалиевтың анасын ақтық сапарға шығарып салды

Сурет Бейнежазба
39 142 просмотра

Бүгін, 28 қазанда Атырау облысының экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ 85 жасында өмірден озған анасы Мәдениет Нәсиқызын жақындары соңғы сапарға шығарып салды. 

Мәдениет Рысқалиеваның жаназа намазы өзі тұрған Ақтөбе қаласы М.Өтемісов көшесіндегі үйдің ауласында оқылды. Қоштасуға отбасының жақындары, туыстары жиналды. "Ақ жайық" редакциясының өкілі де шараға қатысты. Анасын жоқтап жылаған қыздары БАҚ өкілдерінің қатысуына, фото, видео жасауына қарсы болған жоқ.

- Ол әлемдегі ең керемет ана. Басқа айтар сөзім жоқ. Алла жәрдем бер,- деді көз жасын тоқтата алмаған кенже қызы Жұпар РЫСҚАЛИЕВА.

- Дүйім жұрт келіп тұр. Тас түскен жеріне ауыр. Мен жиендерім Сергейге, Бергейге, Аманжанға, Тұрсынға, Гүлсімге, Жанарға, Жұпарға қайғыра көңіл айтамын. Арты жақсы болсын. Рысқалиевтер әулетінде қиындық болмасын, - деді марқұмның інісі Жайдарбек ЗАЙДУЛЛИН. Танымал ардагер журналист Аманғос ОРЫНҒАЛИЕВ та қоштасуға келгендер қатарында болды. Ол марқұм туралы естеліктерімен бөлісті.

- Қымбат адамның өмірден өтуі қабырғаны қайыстырады. Мына жаңбырлы күннің өзі апамызды қимай қоштасып тұрғандай. Сәулебай Рысқалиев туған жиенім. Әкемнің қарындасының баласы. Сондықтан бұл әулетті 60 жылдан астам уақыттан бері білемін. Сәулебай ағамыз бен Мәдениет апамыз отбасын құрған 1955 жылдан бері білемін ғой. Атыраудың Мақатында тұрды. Жолдасы Сәулебай Рысқалиев КСРО-ның үздік мұнайшысы. Ең қиын кезде етікпен мұнай кешіп жүріп еңбек сіңірген адам. Сол жерде зейнетке шыққан. Доссордың мұнайын өндіруге үлес қосқан. Мәдениет апамыз 25 жыл атасын, 30 жыл енесін бақты. Алғашқы кезде балалары шетінеп, сосын Тұрсын өмірге келді. Содан бастап Алла жолын ашып, 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ардақты ана. Кеңестік заманда сауда саласында жұмыс істеген. Бұл кісілердің отбасын, ерін де, балаларын да Атырау өңірі біледі. Республика біледі, - деді Аманғос Орынғалиев. – Жолдасы саясатта танымал болған ұлдарының басындағы қиындықтарды көтере алмай кетті. Бергей Атыраудың әкімі болды, Аманжан Мәжіліс депутаты болды. Содан кейін қиын жағдайға тап болып, іс қозғалды. Осыны көтере алмай жолдасы бір жылдан кейін қайтыс болды. Апамыз Исатай Таймановтың тұқымы Беріш еді. 11 жыл төзді. Осы шаңырақты ұстап тұрды. Әр баланың өз шаңырағы, отбасы бар.

Айта кетейік, Рысқалиевтің әкесі Сәулебай Рысқалиев 2013 жылы 78 жасында өмірден өтті. 

- 2013 жылы Сәулебай ағамыз дүние салды. Содан бері апамыз әулеттің, шаңырақтың ұясын мықты ұстап келді. Балаларына жігер берді, қайрат берді. Өзі тамаша адам еді. Айналасына нұрын шашып жүретін. Балаларын да солай тәрбиеледі, - деді ақын Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВ. - Апамыз ауырды, бірақ сездірген жоқ. Балаларын мәпелеп, шөберелерін сүйіп өсірді. Мың айдың жүзін көрген ана 85 жасында қайтыс болып отыр. Ол кісі “айналайын” деп жиі айтатын еді. 

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысын басқарды. 56 жастағы саясаткер Атырау облысының Мақат ауданында дүниеге келген. Оның негізгі еңбек жолы Атырау облысында өтті. 2001 жылы қоғамдық жұмыстарға араласып, Ақтөбе облысы Тәртіптік кеңес мүшесі болды. 2003 жылы Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, Атырау облысы әкімінің орынбасары болды. 2006 жылы 9 ай Атырау қаласының әкімі болып, кейін алты жыл Атырау облысын басқарды. Бұл Рысқалиевтың мемлекеттік қызметтегі соңғы жұмысы. 

2013 жылы экс-әкімге “аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және қылмыстық топ құрды” деген айып тағылды. Тергеу жұмыстары бес жылға созылды, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевты 17 жылға, інісі Арманжан Рысқалиевты 16 жылға сырттай соттады. Ағайындылардың дүние-мүлкін тәркілеу туралы сот үкім шығарды. Ақтөбедегі Бергей Рысқалиевқа тиесілі ғимараттарды билік иемденді. Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған тұста Бергей Рысқалиевтың үлесі бар “А-Полиграфия” ғимаратын жергілікті басылымға сыйға тартқан еді. “Ақтөбе” ӘКҚ АҚ арқылы бюджеттен 161 млн теңге жұмсап, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. 

Дегенмен 2020 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевтың отбасынан тәркіленген мүліктің “бір бөлігін” қайтару туралы шешім шығарып, жер телімдері мен жылжымайтын мүліктер,соның ішінде “А-Полиграфия” ғимараты сот арқылы қайтарылды.


Ардақ ЕРУБАЕВА, арнайы «АЖ» үшін

Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген автор

28 қазан 2023, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.