Атырау, 27 желтоқсан 02:26
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Шекарашының жүрегі

3 267 просмотра

2 мамыр күні Қызылқоға ауданы Қаракөл селосында (Жамбыл округі) Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылында әскери қызметін өтеп жүрген 1993 жылы туылған шекарашылар әскерінің қатардағы сарбазы Бекзат ТІЛЕУҚАБЫЛОВТЫ жерлеу рәсімі өтті.

Бекзаттың сүйегін Атырауға 30 мамыр күні әкелген. Ал кейін Қаракөл селосына жеткізілген табытты (ол мырыштан емес, ағаштан жасалған) туыстарының талабымен ашу ұйымдастырылған. Олар жас жігіттің өлімі жүрегі тоқтап қалғаннан болды дегенге күмәнданған соң журналисті шақыртқан.

- Мен баламмен қайтыс боларынан 4 күн бұрын сөйлескенмін. Бірақ ол сырқаты жайлы айтқан жоқ, содан көңілімізге күдік ұялағаны рас, - дейді қайғы жамылып отырған 51 жасар Алдаберген ЖҰБАЕВ. - Табытты бірнеше адамның қатысуымен аштық, бұған сүйекке еріп келген әскерилер еш қарсылық білдірген жоқ. Бәрін фотоға, видеоға түсіріп алдық. Баламның денесінде зорлықпен өлді дегендей еш белгі білінбеді.   

- Әскерилер оны қалай қайтыс болған дейді?

-Бірге еріп келгендердің айтуынша жүгіріп келе жатып жүрегін ұстап отырып қалған. Медициналық жәрдем көрсетілгенімен қайтыс болып кетіпті.

- Бекзат бұрын сырқаттанған ба?

-Сәби кезінде аурушаң болды, бірақ кейін шағымданған емес. Менің өзімнің жүрек ақауым бар, екінші топтағы мүгедекпін. Бекзат бес баланың ішіндегі ортаншысы. Әскерге алынарда медициналық тексерістен өткен болатын, оған денсаулығы сау деген анықтама берілді.

- Біздің әскерилерге ешқандай талабымыз жоқ. Мүмкін Семейдің экологиясы жүрегіне әсер етті ме, кім білсін,- деді кетер кезде туыстары.   

Бекзат Тілеуқабылов 2012 жылдың 28 қарашасында әскерге кетіп, 2013 жылдың 28 сәуірінде қайтыс болды. 5 мамырда ол тірі болса 20 жасқа толатын еді. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 

3 мамыр 2013, 16:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.