Өңірдің маслихат депутаттары Атырау қаласының полиция басқармасы жедел басқару орталығында болып, жеке құраммен кездесті. Кездесу барысында полиция департаментінің бастығы Нұрхат ОРАЗБАЕВ халық қалаулыларына жедел басқару орталығында жүзеге асырылып жатқан және жұртшылықпен бірлесіп жұмыс атқарудың қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын түсіндірді.
Жедел басқару орталығының бастығы Асқар АТАМҚҰЛОВ орталықтың жұмысымен таныстырды. Жедел басқару орталығының басты міндеттері қылмыс мен оқиғалар туралы азаматтардың өтініші мен хабарламасын уақытылы қабылдау, тіркеу, полицияның кешенді күштері мен жедел тергеу топтарын уақытылы бағыттау, оқиға орындарына кешікпей дер кезінде жетуін қадағалау.
- Қазіргі уақытта 759 бейнебақылау камерасы бар. Оның ішінде 337 қозғалмалы, 422 станционарлы, яғни 374 үй аулаларында, 242 көше қиылыстарында және 115 қоғамдық орындар мен 28 ІІО ғимаратында орнатылған. ЖБО-ның қолданысында криминалдық автокөліктер мен ұрланған (жоғалған) мемлекеттік тіркеу нөмері берілген деректер базасымен айырып тану және мемлекеттік борышкерлер мен жалған мемлекеттік нөмер таққан автокөліктерді анықтау функциясы бар тағы 1997 «Сергек» камерасы пайдаланылып отыр, - дейді Асқар Атамқұлов. - Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тәулік бойы бақыланады, учаскелік патрульдік және ювеналды полиция инспекторлары кестеге сәйкес электронды GPS картасы арқылы тексеріледі.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Атырау облыстық ПД жолдаған бейнежазба