Бүгін, 6 қазан күні Атырау қаласының Жұлдыз ықшамауданында БАҚ саласына танымал Құмар КЕНЖЕҒАЛИЕВТЫҢ құрметіне көшелердің біріне атау беру құрметіне орай шара өтті. Ашылу рәсіміне Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан ЕРМҰХАНОВ, Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат ӨТЕШЕВ, «Атырау Ақпарат» ЖШС директоры Жасын БІРКЕНОВ, сондай-ақ әріптестері, дос-жарандары мен туған-туыстары қатысты.
– Әкеме осындай құрмет көрсетіліп жатқанына қуаныштымын. Әріптестері мен жолдас-жораларына үлкен алғысымды білдіремін, осы көше тұрғындарының шағңырағында қуаныш болсын, - деді ұлы Бауыржан ҚҰМАРҰЛЫ.
Құмар Кенжеғалиев кезінде С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді бітірген. Еңбек жолын 1959 жылы облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау» қоғамдық-саяси газеті) газеті редакциясында әдеби қызметкер болып бастады, кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды. 1987 жылы облыстық полиграфияға басшы болып тағайындалды. Төрт рет Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің мүшесі, үш рет облыстық кеңестің, бір рет қалалық кеңестің депутаты болып сайланды.
Шара соңында М.Өтешев ерекше еңбегі үшін қайтыс болғаннан кейін Құмар Кенжеғалиевқа «Атырау облысының ардақты ардагері» алтын белгісін арнап атап, оны сақтау үшін ұлына табыстады.
Алма ҚАЛУСАРИЕВА
Суреттерді түсірген автор