Атырау, 27 қараша 01:25
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

"Аты бар да, заты жоқ"

1 025 просмотра
Көрнекі сурет

«Нұрсая-3» ықшамауданының тұрғыны «АЖ»-ға хабарласып, өткен жылы уәде етілген балалар алаңының әлі салынбағанын айтып шағымданған. «Балаларымыз ойнайтын жер жоқ. Балам ойын алаңы бар басқа ауданға көшуімді сұрайды», - деп жазады бір әйел. Қалалық әкімдіктегілер мұның Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайының артындағы шағын футболға арналған футбол алаңы мен воркаут жайлы екенін айтты.

Қалалық ТКШ бөлімінің абаттандыру және көгалдандыру секторының меңгерушісі Нұрбол ЖАМПЕЙІСОВТІҢ айтуынша, бұл жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, биыл Атырауда «Халық қатысатын бюджет» бойынша 7 жоба жүзеге асырылуда. Ал Нұрсая-3-те футбол алаңы мен воркаут алаңын осы жыл соңына дейін салу жоспарлануда.

– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындар жобаның, құрылыс алаңының сметасын әзірлеп, бағдарламаға енгізуді ұсынады. Ал әкімдік мердігерді анықтап, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын бақылайды. Бүгінде «Нұрсая-3» бойынша мердігер анықталып, қажетті материалдар сатып алынып, қазір орнатуға дайындалуда. Мердігер – «NN Partners Group» ЖШС. Тендер мемлекеттік сатып алу порталында өтті, жұмыс құны - 17 млн теңге, - дейді Н.Жампейісов.

Бірақ біз бұл келісімшартты мемлекеттік сатып алу порталынан таппадық. Есесіне қалалық ТКШ бөлімімен биыл жасалған басқа үш келісімшартты таптық.

Бірінші келісім-шарт 21 тамызда Атырау қаласындағы (Еркінқала-2 ауылы, №4-36 көшелер қиылысы) спорттық және жаттығу алаңдарын ағымдық жөндеуге 17 млн 472 мың теңгеге жасалған. Екіншісі – 23 тамызда Атырау қаласындағы (Еркінқала-2 ауылы, №9 көше) футбол алаңдарын ағымдық жөндеу үшін 17 млн 360 мың теңгеге жасалған.

Үшіншісі де 21 тамызда 17 млн 561 мың 600 теңгеге Атырау қаласындағы (Водниково-2 ықшам ауданы, №17-11 көшелер қиылысы) футбол алаңдарын ағымдық жөндеуге қатысты жасалған.

«NN Partners Group» ЖШС басшысы Айдана УСЕЕВАМЕН байланысу мүмкін болмады. Ал Нұрбол Жампейісов мемлекеттік сатып алу порталында Нұрсая-3-тегі жоба бойынша неліктен келісімшарт жоқ деген сауалға жауап бере алмады.

Айнұр САПАРОВА

6 қазан 2023, 16:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.