Айтыс Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Оған елімізден және Моңғолия мен Қырғызстаннан барлығы 14 ақын (оның үшеуі Атырау облысы ақындары) қатысты. Ақындар елдегі, облыстағы өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.
Мәселен, жылыойлық айтыскер, облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсенбаев Қырғызстаннан келген ардагер ақын Амантай Құтманалиевпен айтыста:
- «Атырауда асқынды онкология,
Бұл да бір бар нәрсе ғой сене алатын.
Іргемізде сасықсай суға толып,
Келетіндей болды ғо кеме жақын.
Қамыс өртінен жыл сайын у жұтамыз,
Шындықты айта алмаса өледі ақын.
Бар ақшасын тамаққа жұмсағасын,
Халықта қаражат жоқ ем алатын.
Ауа жұтып, күн көріп амалдауға
Ауаның өзі де лас демалатын», - деп жырлады.
Айтыс барысында Сырымбек қарсыласына құрмет көрсетіп, сахнада қырғыз ақынның иығына қазақтың шапанын жапты.
5 қазанда ақындардың 8-і ғана ақтық сынға жолдама алды. Айтыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысынан келген Дидар Хамиев Гран-при мен 1 миллион теңге жүлдені қанжығалады. Ал 1 орын мен 750 мың теңге астаналық Еркебұлан Қайназаровқа бұйырса, 2-орынды (600 мың теңге) атыраулық айтыскер Өнербек Дәулекенов жеңіп алды. 3-орын екі ақын – Батыс Қазақстан облысынан келген Талғат Мықи мен қырғызстандық Есенбек Киізбаевқа бұйырды. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді.
- Атырау мен үшін бөтен қала емес. Мен мұнда жиі келемін. Осымен екінші рет Гран-при алып отырмын. Біріншіден, айтысты бағалайтын көрермендерге рақмет, - дейді Дидар Қамиев.
Марапаттау кезінде айтыстың екінші кезегіне өтіп, жоғары деңгейде өнер көрсеткен атыраулық Батыржан Кәдірбайға, оралдық Бауыржан Ширмединге және павлодарлық Рауан Қайдаровқа байрағы 350 мың теңге арнайы жүлде табыс етілді. Айтысқа қатысқан өзге ақындар алғыс хатпен (300 мың теңге) марапатталды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор