Атырауда «Жанымның жылуы» атты ұзақ жыл шығармашылықпен айналысып келе жатқан суретшілермен кездесу өтті. Бұл шара Халықаралық қарттар күніне арналған, - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Жұмақын ҚАЙРАМБАЕВ сөз алды. Cуретшілер өздерінің шығармашылығы жайында, бейнелеу өнері жөнінде, жанына жақын тақырыптар туралы, шәкірттерді үйретуде не нәрсеге көңіл бөлетіні жайлы ойларымен бөлісті. Кездесу аясында ұйымдастырылған көрмеге Ш.Сариев атындағы өнер музейінің қорынан С.Маханбетовтың «Отбасы», «Жас отбасы», Ә.Баяндиннің «Отбасы», «Жас отбасы», Қ.Амановтың «Ымырт», Е.Невежиннің «Өткенді еске алу», Т.Халинның «Біздің шарбақ», Ж.Аралбаевтың «Дала дидары», «Нарын құмда», Е.Даукеновтың «Отаның тыныш - сен тыныш» секілді туындылар қойылды.
Айта кетейік, іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» мамандығының студенттері және Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді ӨКҚ ұсынды