«Таңдау» атауын алған жоба «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен «Орталық Азияның Еуразия қорының» пилоттық режимінде іске асатын болады. Бұл туралы Өңірлік Коммуникациялар қызметі хабарлайды.
- Бүгін ауданымызда кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға арналған тағы бір жоба басталғалы отыр. Баршаңызды осы жобаға белсене қатысуға шақырамын! Орталық Азияның Еуразия Қорына және «Теңізшевройл» компаниясына аудан әкімдігі атынан алғысымды білдіремін, – деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА «Таңдау» жобасының тұсаукесерінде.
«Тандау» жобасының үйлестірушісі Алтынгүл АТАБАЕВАНЫҢ айтуынша, бұл жоба қандай да бір себептермен жұмыссыз қалғандар үшін де тамаша мүмкіндік. Барлық іріктеу критерийлерімен www.ef-ca.kz сайтында танысуға болады. Жалпы, конкурстық іріктеу екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде конкурсқа қатысушы өзінің бизнес-жобасы туралы екі минутқа дейін толық толтырылған өтінім мен бейнені ұсынуға міндетті. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары екінші кезеңге өтіп, алдын ала бағалау үшін бизнес-жоспар дайындайды. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 30 үміткер сараптама комитетінің алдында өздерінің бизнес-жоспарын таныстырып, олардың ішінен тек 10 үздік қаржылық-тұрақты жобаны таңдайды. Мұндай іріктеу жылына үш рет өтеді, яғни бір жылда 30 жоба таңдалады. Жеңімпаздарға жабдық сатып алуға пайызсыз қарыз беріледі.
Ақшаны қайтару 6 айлық несиелік демалыстан кейін басталады.
Жабдықты сатып алуға арналған қарыздар стартап (жас) жобалар үшін 2,5 млн теңгеге дейін мөлшерде және бір жылдан көп жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін 4,5 млн теңгеге дейін бекітілді.
- Бүгін біз өзімізді мазалаған сұрақтарға жауап алдық. «Тандау» жобасына қатысамын және табысқа жетемін деп үміттенемін, - деді аудан тұрғыны Гүлфайруз БЕКБОЛАТОВА.
Айта кету керек, ТШО өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Мәселен, биыл жыл басынан бері компания Жылыой ауданына 6 жедел жәрдем көлігі, 4 арнайы техника, спорт пен биге арналған 10 мүгедек арбасын, «Кең Жылыой» мәдениет үйіне музыкалық жабдық сыйлады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер