1 қазанда Атырау мұнай өңдеу зауытында алдын ала жоспарлы жөндеу жұмыстары басталды. Ол ҚР Энергетика министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бекіткен жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіледі. 10 қарашаға дейін жұмыстарды аяқтап, тұрақты режимге көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі хабарлады.
ЖАНҒАН АЛАУ ТУРАЛЫ
1 қазанда әлеуметтік желіде алаудың жанып жатқаны туралы видео тарады. Баспасөз қызметі бізге «зауыттағы жөндеу жұмыстарына байланысты технологиялық қондырғыларға түсетін жүктеме азайып, өндірістік жабдықтар босатылып жатыр» деп хабарлады.
- Кез келген жабдыққа қол жеткізу үшін ол бос болуы керек. Сондықтан, технологиялық ортаны қауіпсіз кәдеге жарату үшін, барлық газ ҚР Экологиялық реттеу комитеті берген 2023 жылғы экологиялық рұқсатта (07.10.2022 жылғы №:KZ12VCZ02025535) қарастырылған алау жүйесіне мұқият бағытталады. Көмірсутектер толығымен жанып, атмосфераға таралады, осылайша жердің зиянсыз биоциклдеріне қатысады, - деп жауап берді зауыттың баспасөз қызметі.
АҒЫМДАҒЫ ЖӨНДЕУ ТУРАЛЫ
Зауытта жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары «жабдықтың тұрақты жұмыс жағдайын сақтау және өндіріс тиімділігін арттыру үшін» жыл сайын жүргізіледі. 1 қазандағы баспасөз хабарламасында бұл жұмыс жабдықтың қауіпсіз және сенімді жұмысын қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде жоспардан тыс тоқтаудың азаюына әкелетіні айтылған.
Технологиялық жабдықтар мен құбырларға техникалық сараптама, ревизия және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Сондай-ақ, құрылғыларды буға ұстау процесі жабық жүйеде жүзеге асырылатыны, бұл атмосфераға түсетін бу мен көмірсутек қоспасының шығу мүмкіндігін жоятыны атап өтілді.
- Сұйықтыққа айналған бу қоспасы дренаж жүйесіне жіберіледі. Атырау қаласының экологиялық климатын жақсартуға мүдделі кәсіпорын ретінде «АМӨЗ» ЖШС зиянды заттардың атмосфераға таралу қаупін барынша азайту үшін барлық шараларды қабылдайды, - делінген баспасөз хабарламасында.
Жоспарлы-алдын алу жұмыстарына 1600 адам, сондай-ақ 116 арнайы техника жұмылдырылады.
Хабарламаға сәйкес, жөндеу жұмыстары кезінде мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру және жөнелту ҚР Энергетика министрлігінің келісілген жоспарына сәйкес қатар жүргізіледі. Сондай-ақ, басқа мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін өндіруді ұлғайту бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
АМӨЗ мәліметінше, зауыт резервуарларында жоспарлы-алдын алу жұмыстары басталған кезде жинақталған мұнай өнімдерінің қоры: автобензин – 36 мың тонна, дизель отыны – 32 мың тонна, авиациялық отын – 7,4 мың тонна болады. Қазан айында қосымша 16 мың тонна бензин мен 28 мың тонна дизель отынын өндіру де жоспарланып отыр.
Іс біткен соң. Осы ақпарат жарияланғаннан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының беделді өкілдерінің материал тақырыбындағы «жөндеу» сөзін «жоспарлы жөндеу» деген сөзге ауыстыруды неге қайта-қайта өтінгенін түсінбедік. Оның қандай айырмашылығы бар екен?
Дайындаған Айнұр САПАРОВА