Атырау, 30 қараша 15:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Спорт жаңалықтары

5 231 просмотра

Айдана мен Яна ерледі

Астраханда гимнастикадан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Людмила Тихомированы еске алуға арналған бүкілресейлік ашық турнир өтті.

Жарысқа көптеген белгілі ресейлік гимнастшылар қатысты. Біздің облысымыздың атынан шыққан Айдана Шакенова(суретте) мен Яна Хаметова атақты қарсыластарының арасында намысты қолдан бермеді – олар сәйкесінше «алтын» мен «күміс» ұтты. Қыздарды дайындаған - Көклан Егеубаева.

***

 

Есеп тең түсті

28 сәуірде «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 8-туры аясында «Атырау» командасы павлодарлық «Ертісті» қабылдады.

Ойын алма-кезек шабуылдармен өткенімен, 0:0 есебімен тең аяқталды. Футболшыларға күшті желдің әсер еткенін айта кеткен жөн.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Бапкерді еске алу

«Атырау» ДСК-нде волейболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Өтеулиевті еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Жарысқа Атырау қаласынан (екі), Махамбет, Жылыой, Индер, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарының және Ақтөбе облысы Байғанин ауданының командалары қатысты. 1-орынды «Атырау-1» (3-БЖСМ-нің 1996 ж.т. шәкірттері) командасы, 2-орынды Индер ауданының командасы, 3-орынды «Атырау-2» (3-БЖСМ-нің 1997 ж.т. шәкірттері) командасы алды.

***

 

Нашақорлыққа қарсы чемпионат

№35 мектептің спорт залында «Спорт нашақорлыққа қарсы» тақырыбында  5-6, 7-8 және 9-10 сынып оқушылары арасында волейболдан облыс чемпионаты өтті. Оған Құрманғазы, Махамбет, Жылыой аудандарының командалары, қала құрамасы (№13 гимназия) және облыс құрама командасы қатысты.

Орындар төмендегіше бөлінді (1, 2, 3 орындар сәйкесінше):

5-6 сыныптар: ер балалар – Құрманғазы ауданы, Атырау қ., Жылыой ауданы; қыздар – Атырау қ., Құрманғазы және Махамбет аудандары.

7-8 сыныптар: ер балалар - Құрманғазы ауданы, Жылыой ауданы; Атырау қ.; қыздар- Атырау қ, Құрманғазы ауданы, Жылыой ауданы;

9-10 сыныптар: Жылыой ауданы, Құрманғазы ауданы, Атырау қ.; қыздар- Атырау қ, Құрманғазы ауданы, облыс құрамасы.

***

 

Ардагер жүлдегер атанды

Таразда кадеттер арасында таэквондодан Қазақстан чемпионаты өтті.

Оған 500-ден аса спортшылар қатысты. Облыс құрамасы 1-БЖСМ, 1-МОРБЖСМ, Жылыой және Құрманғазы аудандарының спорт мектептері шәкірттерінен құралды. Құраманың 28 мүшелерінің ішінен алтауы жүлделі болды(суретте). Айдана Еділбаева (37 келіге дейін) және Арайлым Оразақова (59 келіге дейін) чемпион атанса, Диляра  Керимова (33 келіге дейін) менӘмір Бисембай (65 келіге дейін) күміс иеленді, ал Ильяс Әлібек (57 келіге дейін) пен Жасмин Дуатова (29 келіге дейін) қоланы қанжығаға байлады. Команданы бапкерлер А.Тоқтабаев, С.Сардарова, Р.Аманғалиев және А.Касаевтар дайындады.

Жарыстың бір күні толықтай «пумзеге» (көлеңкемен айқас) арналды. Өйткені пумзе 2016 жылғы Олимпиада Ойындарына қосылған болатын. Жарыстың бұл түрінде 41-50 жас аралығындағы қатысушылар арасынан атыраулық таэквондо ардагері Ғиззат Салихов күміс (суретте) жүлдегер атанды.

***

 

Рухы мықтылар турнирі

«Балықшы» ДСК-нде «Спешл Олимпик» ҚБ қамқорлығымен интеллектуалды кеш дамыған мүгедектер арасында мини-футболдан республикалық аймақтық турнир өтті.

Ер балалар арасында екі дивизионда ұйымдастырылған жарысқа Сарайшықтағы, Лесхоздағы және Маңғыстаудағы жүйке-неврологиялық интернаттарының, Махамбет қосалқы интернатының, қалалық И. Тайманов және Ғ. Мұратбаев мектептерінің арнайы сыныптарының командалары қатысты. Қыздар арасындағы сайыста Сарайшық, Лесхоз және Маңғыстау интернаттарының шәкірттері өнер көрсетті.

Ер балалар арасында А дивизионында И. Тайманов мектебі, Сарайшық және Маңғыстау интернаттары сәйкесінше 1, 2, 3-орындарды бөлісті. Б дивизионында Махамбет қосалқы интернаты, Ғ. Мұратбаев мектебі, Лесхоз интернаты осындай орындарға орналасты. Қыздар арасында жүлделі орындар Махамбет, Сарайшық және Маңғыстау интернаттарына бұйырды.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Азияға жолдама алды

Әзірбайжан астанасында 1996-97 ж.т. жасөспірімдер арасында еркін күрестен «Баку Кубогы» халықаралық турнирі өтті.

Жарысқа15 елдің жас палуандары қатысты. Бұл бәсекеде атыраулық палуан Айдын Тәжіғали жақсы өнер көрсетті. Ол 58 келіге дейін салмақта күресіп, үш белдесуде жеңіске жетті. Ақтық сында алаң иелері өкілінен 1:2 есебімен ұтылған ол күміс медальді місе тұтты. Осылайша, Айдын шілдеде Моңғолияда болатын Азия чемпионатына жолдама алды. Спортшыны облыстың аға жаттықтырушысы Асылан Жаманбаев дайындады. Айдын мен оның бапкері облыстық туризм мен спорт басқармасының басшысы Қ. Иманғалиға, олимпиа-далық дайындық орталығының директоры М. Жанғалиевқа, «Атырау» ДСК-нің директоры  Ж. Өтебалиевқа, 1-БЖСМ директоры Е. Жұбаналиевқа және облыстық күрес федерациясының президенті А. Құловқа қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтады.

***

 

Мүсін жасаушылар турнирі

Ақтауда бодибилдинг, фитнесс-мүсін және модель-мүсін бойынша Маңғыстау облысының 5-ші ашық чемпионаты өтті.

Жарыстарға алаң қожайындарымен бірге Ақтөбе, Жаңаөзен, Астана, Ақтау, Атырау және Астрахан бодибилшілері қатысты. Жасөспірімдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Тимур Юсупов қола медаль ұтып алды. Ер балалар арасында 80 келіге дейінгі салмақта Илья Свешников бесінші орын алды. Ерлер арасында 85 келіге дейінгі салмақта Владимир Мартынов пен Антон Кудинов сәйкесінше 5 және 6-орындарға орналасты.

Спортшылар мен олардың бапкері Сергей Передистый сапарды ұйымдастыруға көмектескен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына, «Каспий Инжиниринг» ЖШС-не (бас директоры Ж.К.Нұғманов), «АFG» фирмасына (М.Омарбеков мырзаға), В.А.Успанова ханымға алғыс айтады.

Суретті түсірген С. Передистый

***

 

Біздің жүйрік студентер

Мұнай және газ институтының командасы жеңіл атлетикадан Астрахан облысының Көктемгі кубогына қатысты.

ЖОО-ның профессоры Асқар Қазиев басқаратын жеңіл атлетика үйірмесінің желаяқтары барлық қашықтықтағы: 100, 200, 400, 800 және 1500 метрлік жүгірістерге қатысты. Бірінші курс студенті Райымбек Елібаев 400 метр қашықтықта қола медаль ұтып алды. Үйірме мүшелері қолдау көрсеткені үшін институт ректоры Д. Құлжановқа алғыс айтады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Біздікілер Гвадалахараға барады 

Оралда кадеттер мен жасөспірімдер арасында ҚР Чемпионаты өтті. Гвадалахарада (Испания) өтетін WKF каратэ-додан Әлем чемпионатына іріктеу сайысына еліміздің 12 облысынан командалар қатысты. Атырау атынан 2-БЖСМ және «Қайсар» спорт клубтарының спортшылары өнер көрсетті.

Әсел Серікова(53 кг) 1-орын алды. +76 келі салмақта Марат Жаңбыр жеңімпаз атанды. +70 келі салмақта Жүсіпәлі Нұрсұлтан 2-орын алса, Альмир Исатаев (+70) 3-орын алды.

Спортшыларды «Қайсар» бапкерлер клубының командасы - Сансызбай Торғаев, Болат Ізбасқанов, Алексей Любин, Ольга Айтжанова, Айбат Рахман дайындады.

Анастасия ПАСТУХОВА

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.