Атырау МӨЗ-де қоғамдық экологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында кәсіпорында іске асып жатқан экожобалар талқыланды.
Белсенділер «Механикалық тазарту қондырғыларын қайта құру» жобасы алаңында болып, екінші кезеңнің іске асу барысымен танысты. Қазір жоба аясында ағынды суларды орташалау резервуарлары, насостық станция ғимараттарын, өзін-өзі шайғыш сүзгілер мен флотация блоктарын салу жұмыстары жалғасуда. Қайта құру нәтижесінде механикалық тазарту қондырғыларының өнімділігі 2 есе артады. Тазартылған судың жарты бөлігі зауыттың өндірістік қажеттіліктеріне жұмсалып, Жайық өзенінің суын пайдалану көлемі 9 %-ға азаяды.
Еске сала кетейік, механикалық тазарту қондырғыларын қайта құру жобасы аясында мұнай шламы иісінің ашық көзі саналған 5 ашық бассейн жойылған болатын. Апаттық қамбаның беті аспалы құрылыммен жабылған. Жобаны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Күн тәртібіндегі келесі қаралған мәселе АМӨЗ-ді электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар болды. Кәсіпорындағы жабдықтардың тоқтауын барынша азайту және штаттан тыс жағдайлар кезінде газды мәжбүрлі түрде факелді жүйеге жіберу қаупін азайту мақсатында АМӨЗ-де қуаты 154 МВт болатын газтурбиналық электр станциясын (ГТЭС) салу жоспарланған.
2023 жылдың 17-18 тамызында өткізілген Ашық есік күндері аясында потенциалды инвесторлар мен жобаның жүзеге асуына қызығушылық танытқан компаниялардың өкілдері өзекті мәселелерді талқылап, құрылыс алаңын аралады. 4 қыркүйекте ынтымақтастық туралы ұсыныстарды қабылдау науқаны мәресіне жетті. Қазіргі уақытта потенциалды инвесторларды анықтау кезеңі жалғасып келеді. ГТЭС жобасы 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сұрақ-жауап сессиясында қоғамдық экологиялық кеңестің алдағы отырысының жоспары мен форматы талқыланып, кәсіпорындағы адам факторын басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.