Атырау, 27 қараша 03:23
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мемлекеттік органдар әдеттегіше бизнеске есеп берді

853 просмотра

2022 жыл үшін бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінің қорытындысы бойынша Атырау облысы статистикалық және шолу көрсеткіштерінің жиынтығы бойынша 17 өңірдің арасында алтыншы орынды иеленді. Бұл туралы мемлекет басшысы 2019 жылы енгізген Бақылау және қадағалау органдарының бизнес қауымдастық алдында бірыңғай есеп беру күні аясында өткен жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет ЖҰМАСЕЙІТОВ мәлім етті.

Жұмасейтов шағын бизнес субъектілерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық жобалар аясында 2023 жылдың басынан бері бизнесті қолдауға 11,4 млрд теңге бөлінген.

– Ауыл кәсіпкерлерін қолдауға және оларға жеңілдікпен несие беруге де жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып жатыр. Соңғы 10 жылда (2013-2022 жж.) жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлініп, 567 кәсіпкерлік субъектісіне қолдау көрсетіліп, 718 жаңа жұмыс орны ашылды. Салық жүктемесін азайту мақсатында 4 пайыздан 2 пайызға дейін азайту жұмыстары жүргізіліп келеді, - деді Н.Жұмасейітов.

Жиналғандарға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нариман БИҒАЛИ тұрғын үй кешендеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде аяқталмаған және заңсыз құрылыстың бірқатар фактілері анықталғанын жеткізді.

– Атап айтқанда, «Жібек жолы», «Ақмаржан», «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat», «Quattro», «Асыл тас», «Мальтийский дворик», «NB Towers», «Көктем», «Rayana park» тұрғын үй кешендері туралы сөз болып отыр. «Жібек жолы» мен «Ақмаржан» ТҮК бойынша сот процесі аяқталды. ««Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat» тұрғын үй кешендері үлескерлерінің шағымдары бойынша тергеу шаралары жүргізілуде. «Көктем» тұрғын үй кешенінің құрылысы заңсыз деп танылған сот шешімі шықты. Қазіргі уақытта заңсыз салынған ғимаратты бұзу 2024 жылдың наурыз айына шегерілді. Бұдан басқа, жеке тұлғаның шағымы негізінде «NB Towers» тұрғын үй кешеніне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Сотқа ҚР ӘҚБтК-нің 316 («Жобалау-сметалық құжаттамасыз немесе белгіленген тәртіпте сараптамадан өтпеген жобалау-сметалық құжаттама бойынша объектілерді салу») және 321 («Техникалық және авторлық қадағалаусыз құрылыс салу») баптары бойынша әкімшілік хаттама жолданды, - деді Н.Биғали.

Бұл туралы жақында «AЖ» жазған еді. Биғалидың баяндамасынан «Көктем» тұрғын үй кешенін бұзу 2024 жылдың наурыз айына шегерілгені, «NB Towers»-те жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша материалдар сотқа жіберілгені белгілі болды.

Жиында кәсіпкерлер субсидия алу, жер телімін бөлу, электр энергиясы тарифін төмендету, балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын енгізу, жылыжайлар санын көбейту, инфрақұрылым жүргізу мәселелерін көтерді. Бұл тақырыптың барлығы жиналыс хаттамасына енгізілді. Мұнда мемлекеттік органдар мен монополист кәсіпорындардың басшылары бизнес өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап беріп, кеңес берді.

Төрағалық еткен облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ келесі отырысты «сұрақ-жауап» форматында емес, панельдік сессия түрінде өткізуді ұсынды. Ол өзінің орынбасары Марат МУРЗИЕВКЕ кәсіпкерлермен бірлесіп, Атырауды бизнес жүргізуге қолайлы өңір ретінде дамытуға бағытталған бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

– Бизнес – экономиканың қозғалтқышы. Әкімдік өз кезегінде жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетуге дайын, - деп түйіндеді сөзін С.Шәпкенов.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

ӨКҚ жолдаған сурет

Анықтама үшін: 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі ахуал бойынша облыста тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 73 730 құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға артық. 2023 жылдың бірінші тоқсанында ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны 12,1%-ға өсіп, 149,9 мың адамға жетті, өндіріс көлемі 1,5 трлн теңгені құрады.

2 қазан 2023, 13:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.