Атырау, 10 желтоқсан 23:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Эдуард Скрипец: «Маған Майкл Джордан керек!»

1 814 просмотра

26 сәуірде «Атырау» ДСК-нде ерлер командалары арасындағы баскетболдан Қазақстан чемпионатының плей-офф бәсекелері финалдық сериясының үшінші матчында «Барыстар» мен «Астана» командасы кездесті. Алаң иелері 81:90 есебімен ұтылды. Алдыңғы екі ойын да 102:96 және 97:87 есебімен астаналықтардың пайдасына шешілген еді. Финалдық серия үш жеңіске дейін ойналатын болғандықтан, «Астана» чемпион атанды. «Барыстар» күмісті місе тұтты. Команданың бас бапкері Эдуард СКРИПЕЦ маусымды қорытындылады.

- Биылғы маусымды біздер жақсы дайындықпен бастадық. Иә, кейбір ойындар біз қалағандай өтпеді, ұтылып та қалдық. Мәселен, қостанайлық «Тобылмен» болған екінші матч осылай өтті. Жеңілмейтін ешкім жоқ қой. Біз кейбір ойыншылардың ойындарына түзетулер енгіздік, содан кейін команда өз ойын өрнегін тапты. Біз арқа сүйеген ойыншылар үмітімізді ақтады. Бұлардың қатарына Михаил Евстигнеев, Эдгарас Желенис және Фредрик II Замбалисттерді атауға болады.

«ЖС» анықтамасы: Эдуард Богданович Скрипец, 43 жаста. Украина баскетбол лигасының «СК КрАЗ», «Черкасские Мавпы-2», «Химик» командаларын жаттықтырды. 2010-2011 және 2011-2012 жылдардағы маусымда бас бапкер Вадим Бураковтың қасында «Барыстар» командасының екінші жаттықтырушысы болып жұмыс жасады. В. Бураков кеткеннен кейін команданы өзі басқарады.

Мен «Барыстарда» жұмыс жасаған осы үш жылда да команда финалда ойнады. Иә, болашақта жетер биік мақсаттар баршылық.

-«Барыстардың» ішінен осы маусымда кім көп доп салды?

- Фредрик IIЗамбалист үздік болды. Ол 300-ден аса ұпай жинады.

- Сіз келесі маусымда «Барыстар» қатарынан кімді көргіңіз келеді?

- Майкл Джорданды. Әзіл ғой. Аттарын атамай-ақ қояйын, алайда команданың негізгі ойыншыларын сақтап қалғым келеді.

- Осы маусымда жергілікті баскетбол шәкірттері қалай өнер көрсетті?

- Рүстем Төлеу көп уақыт бойы капитан болды. Ол тәжірибелі ойыншы, барлық шабуылдардың ұйымдастырушысы. Алайда ол шаршады. Оған қояр талабым жоқ. Биыл капитан болу кезегі Миша Евстигнеевке келді. Қадыржан Ғұбашев әлі жас, сондықтан да ол алаңға аз уақыт шықты, бірақ осы ойындарда өзін жақсы қырынан таныта білді.

- Командаға жергілікті ойыншылардан тағы біреулерді тарту жоспарыңызда бар ма?

- Негізгі құрам жаттығуларына араластырып жүрген екі бала бар. Аты-жөнін әзірге айтпаймын.

- Биылғы маусымда «Барыстар» Балтика лигасында да ойнады. Нәтижелер қандай?

- Біз үздік топ-16 қатарына қосылдық. Өкінішке орай, ширек финалға шыға алмадық.

- Өткен маусымдағы ең ауыр ойынды атаңызшы.

- Барлық ойындар ауыр болды. Жалпы осы маусымға командалардың бәрі жоғары деңгейдегі дайындықпен келді. Ең ауыр матчтар ақтаулық «Каспиймен» болған жартылай финалдық серияда болды. Естеріңізде болса, үшінші жеңіске біз тек бесінші ойында ғана қол жеткізіп едік қой. Бір-екі күннен кейін жүктемелерді бірден түсіріп тастамас үшін Украинаға қалпына келтіру жиындарына барамыз. Содан кейін ойыншылар бір айға үйлеріне кетеді. Демалыстан келген соң, жаңа маусымға дайындықты бастаймыз.

МұраТ СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.