Түнгі тыныштықты бұзу - жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін түнгі уакыттағы (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін) тыныштықты бұзу, соның ішінде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттілікпен байланыссыз шу шығаратын жұмыстарды жүргізу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады, деп хабарлайды Атырау қаласының полиция басқармасы.
2-28 қыркүйек күндері аралығында Атырау қаласы Ж.Молдағалиев көшесі бойында орналасқан түнгі уақытта жұмыс жасайтын мейрамханалардың бірінің түнгі тыныштықты бұзу дерегі бойынша №1 қалалық полиция бөліміне тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар келіп түсті.
Аталған дерек бойынша учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Шыңғыс Мусаев тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында тұрғындар арызын Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық мемлекеттік мекемесіне сарапаттамаға жіберген. Сараптама қорытындысына сәйкес түнгі тыныштықты бұзу дерегі бойынша жоғарыда аталған мекемеге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылып, 69 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетсек, №1 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Шыңғыс Мусаевтің ұйымдастыруымен Атырау қаласының әкімдігі, қалалық прокуратура және облыстық кірістер департаменті қызметкерлері бірлесіп Ж.Молдағалиев және Қ.Смағұлов көшесі тұрғындарымен кездесу өткізуді жоспарланды.