Атырау, 29 қыркүйек 00:35
 ашықВ Атырау +19
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Мерекеде қарттарды қуантты

Сурет
836 просмотра

№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында (Қарттар үйінде) Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен 1 қазан Қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шара тарихи жәдігерлерден құралған көрмемен басталып, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. №4 арнаулы қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары Марина ЗАЙЫРОВА бұл ізгі шара қазан айының соңына дейін жалғасып, қайырымдылық айы болатынын айтып өтті.

- Біздің мекемемізде бүгінде 109 қызмет алушымыз бар, оның 46-сы мүгедектігі бар адамдар. 1 қазан қарттар күніне орай бүгін орталығымызда мерекелік іс-шарамыз өтіп жатыр. Осындай әдемі мерекемізде қарттарымыздың көңілін көтеріп, әсем көңіл-күй сыйлап жатқан Атырау қаласының әкімдігіне алғыс айтамыз. Қазан айы толықтай қайырылымдылық айы болып есептеледі. Осыған орай мәдени шараларды өткізу жөнінде көптеген жоспарымыз бар, - деді М.Зайырова.

Сондай-ақ, Атырау облысы Судьялар одағы, Сот әкімшілігі департаменті және Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалы басшылары мен төрағалары құттықтау сөз сөйлеп, орталыққа арнайы сый-сияпаттарын ұсынды. Сонымен қатар Геолог ықшамауданының белсенді жастары қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды.

Қарттар үйінің тұрғыны Фадия ҒАТАУЛЛИНА қатысушыларға жылы лебізін білдірді:

- Мен ең алдымен ұжымға рақмет айтқым келеді. Біздерді бағып, жағдайымызды жасап, үнемі көмектесіп жүретін барлық қызметкерлерге ризамыз. Бізде шынымен барлығы жақсы, тамағымыз тоқ. Осы концертті ұйымдастырып, арнайы келіп отырғандарыңыз үшін  және үлкендерге көрсеткен құрметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Дендеріңіз сау болсын, ел аман, жұрт тыныш болғай.

Айта кетейік, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 арнаулы қызметтер көрсету орталығы» КММ 1994 жылы 50 орындық қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі болып ашылды. 2001 жылы 100 орындық қосымша ғимарат салынды. Бүгінде осы орталықта қызмет алушылардың ең үлкені 86 жаста, ал кішісі 35 жаста.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

ӨКҚ жолдаған суреттер

1 қазан 2023, 23:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.