Құрманғазы ауданында аудандағы 625 шаруа қожалықтың 205-і науқанға кіріскен. Мал азығын дайындауға 55 машина, 331 трактор, 241 тіркеме, 205 ауыл шаруашылық агрегаты және 1051 адам жұмылдырылды. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлыбек ТӨЛЕПОВ брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Ауданның барлық меншік нысандары бойынша 2023-2024 жылдары қыстаққа жоспарлы 70 221 бас мүйізді ірі қара, 186 594 бас қой-ешкі, 32 804 бас жылқы және 5 114 бас түйе малы қалдырылады деп жобаланып, оған зоотехникалық норматив бойынша 164 000 тонна пішен қажет деп есептелді. Күні бүгін ауылдық округтердің ақпараты бойынша, жалпы 132 610 тонна мал азығы дайындалды. Бұл жалпы дайындалатын мал азығының 89 пайызын құрайды, - деді Н.Төлепов.
Оның айтуынша, Сүйіндік, Азғыр, Асан округтері бойынша шөп дайындайтын бригада бар. Олар ауылшаруашылық құрылымдары мен округтегі жеке тұрғындарды толық қамтитын болады.
Айта кетейік, жылма-жыл мал азығы аудан аймағында дайындалып, шаруашылық субъектілері мен жеке тұрғындардың малдары толығымен қамтамасыз етіліп келеді. Одан қалғаны Индер, Махамбет, Исатай аудандарына сатылымға шығарылады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет