Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВТЫҢ қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Біз бүгін тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жылыту маусымына дайындығы, автокөлік жолдарының алдағы қысқы мезгілге дайындығы және азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайларға дайындық жұмыстары туралы талқылаймыз. Елді-мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру мен азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарына түгендеу жүргізу қорытындылары туралы есеп те тыңдалады, - деді Қ.Нұртаев.
Өрт сөндіру бекеттері жоқ елді-мекендерде оларды құру бойынша облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының м.а. Даурен БЕРДЕНОВ баяндама жасады.
- Өңірді дамыту кешенді жоспарына сәйкес 2023 жылы төрт бекет ашу жоспарланды. Олар Исатай ауданы Исатай ауылында, Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылында және Махамбет ауданының Бейбарыс пен Бақсай ауылдары, - деді ол.
Басқарма басшыларына жасалған және атқарылып жатқан жұмыстар туралы қосымша сұрақтар қойылды. Сондай-ақ жұмысы кешіктірілген және тоқтатылған іс-шараларға қатысты ескерту берілді.
- Күн тәртібінің сұрақтары бойынша бірқатар шаралар атқарылған. Алайда кейбір кемшіліктер де бар, оларды жою керек. От пен су тілсіз жау деп бекер айтылмаған, олар жоспарланбаған жағдайда орын алатын табиғи апаттар. Сол себепті біз кез-келген жағдайға сақадай-сай дайын болуымыз керек. Облыс тұрғындарының қауіпсіздігіне бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын күшейту қажет. Бұған бізде барлық мүмкіндік бар. Сапалы әрі нәтижелі жұмыстарды дер кезінде атқаруға жұмыстанайық, - деді Қ.Нұртаев.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА