28 сәуірде дүние жүзі Еңбек қорғау күнін атап өтті. Осы күннің қарсаңында Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті дәстүр бойынша атыраулық жұмыс берушілерді жинады.
Н.Жантөрин атындағы филармонияның үлкен залында өткен кездесуде департамент директоры Тимур ЕСТЕБАЕВ статистикалық мәліметтер келтірді: 2012 жылы департамент 2,5 мың заңбұзушылықты, соның ішінде 1,4 мың еңбек туралы, 1 мыңнан аса еңбекті қорғау және 81 халықты жұмыспен қамту туралы заңнамалардың бұзылғанын анықтады. Тексеру нәтижелері бойынша 654 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 43 млн теңгені құрайтын 833 айыппұл салынды.
Өндірістегі бақытсыздық жағдайлары құрылыс және мұнай, газ салаларында көп кездеседі. Соңғы 4 жылда 44 адам қаза болып, 108-і түрлі жарақаттар алған.
Департамент директорының айтуынша, көптеген кәсіпорындардың басшылары еңбек қауіпсіздігіне көп көңіл бөлмейді. Ал ішкі бақылау қызметтерін көбіне арнайы мамандықтары жоқ адамдар басқарады.
Әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалды Естебаев «тұрақсыз» деп атады. Алайда 16 мың қызметкері бар «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның бөлімшелеріндегі жағдай бірқалыпты деп есептейді: 2012 жылы күрделі еңбек заңнамаларын бұзу фактілері мен наразылық акциялары тіркелген жоқ.
Бүгінгі күні 37 мыңнан аса қызметкер (олардың 5 мыңнан астамы – шетелдік азаматтар) жұмыс жасап отырған шетелдік қатысы бар компанияларда жағдай өзгеше. Естебаев бұл «шиеленіскен» жағдайлардың басты себептері заңсыз жұмыстан босату мен жұмыс орындарын негізсіз қысқартуға, жалақының төмендігі мен шетелдік және қазақстандық мамандар жалақыларының өзгешеліктеріне, жергілікті қызметкерлерге менсінбей қарауға байланысты деп атап өтті.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА