Атырау облысында жыл басынан бері 10 913 сәби дүниеге келсе, оның 63-і өлі туылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өлі туу себептері туралы сауалға әзірге жауап бермеді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыс орталығын есептемесек, ең жоғары туу көрсеткіші Жылыой ауданында, ал ең төмен көрсеткіш Исатай ауданында тіркелген.
Жыл басынан бері Жылыой ауданында – 1014, Құрманғазы ауданында – 324, Мақат ауданында – 165, Индер ауданында – 163, Қызылқоға ауданында – 89, Махамбет ауданында – 68, Исатай ауданында 38 сәби дүниеге келген. Бұл сандарды жалпы статистикадан алып тастасақ, Атыраудағы туу көрсеткіші: 9052.
Атыраудағы өлі туу көрсеткіші бойынша, өкінішке орай, өңір «алдыңғы» орында тұр. Аудандар бойынша статистика мынадай: Жылыой ауданында екі нәресте өлі туды, Құрманғазы ауданында да екі, Мақат және Махамбет аудандарында бір-бір сәби өлі туған.
Өткен жылдың осы кезеңінде өңірде 11 133 нәресте дүниеге келсе, оның 66-сы өлі туған. Жалпы Атырау облысында өткен жылы тірі туғандар саны - 17 161.
2022 жылды алатын болсақ, finprom мәліметінше, тек бірінші жартыжылдықта 64 нәресте өлі дүниеге келген. Еліміздегі жалпы статистикаға сәйкес, бір жасқа дейінгі балалар өлімі көбіне перинаталдық кезеңде туындаған жағдайларға, сондай-ақ туа біткен ауытқуларға байланысты болатыны атап өтілді.
Қазіргі таңда Атырау облысы тұрғындарының саны ресми мәлімет бойынша 699 779 адам.
Айнұр САПАРОВА