Азаттық көшесіндегі жол биыл қайта жаңғыртудан өтті. "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау облыстық филиалының инженері М.Телеуғалиев жаңғырту жұмысы аяқталған ұзындығы 800 метр, ені 15 метр жолдан керн кескінін алды.
Маманның айтуынша, жол қабатының қалыңдығы талапқа сай. Мәселен жолдың жобасы бойынша 2-маркалы ірі түйірлі кеуекті ыстық асфальтобетонның қалыңдығы 10 см болу керек. Алынған керн кескіні 11.8 см көрсетті. Ал, 1-Маркалы Б типті ұсақ түйірлі тығыз ыстық асфальтобетон қалыңдығы 5 см болса, алынған керннен 5.3 см екені анықталды.
Жыл басынан бері "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері қала ішіндегі 23 жолға 117 рет тексеріске шығып, 52 ақау анықтаған. Оның 21-і өрескел ақау. Жол құрлысына пайдаланылатын материалдардан 431 сынама алынып, зертханада тексерілді. Нәтижесінде 179 сынаманың ҚР стандарттарына сәйкес еместігі анықталды.
Айта кетейік, қазір С.Датов, Азаттық көшелерінде және қала маңындағы Еркінқала елдімекеніндегі жолдар қайта жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар, Б.Құлманов пен Ә.Молдағұлова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді ӨКҚ ұсынды