«Атырау»
дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында Қамбар АНДАШЕВТЫҢ
рухына арналған халықаралық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды
Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Баршаңызға белгілі Қамбар Андашев атындағы турнир 2004 жылдары аудан көлемінде бастау алған болса, бүгінде халықаралық деңгейде облыс орталығында дәстүрлі түрде жалғасуда. Барша қатысушыларға қош келдіңіздер деп, сәттілік тілеймін, - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржауған ТӨЛЕУОВА.
Облыстық бокс федерациясы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отырған сайыста Өзбекстан, Түркменстан, Ресей, Белорусь мемлекеттері мен Қазақстанның Актөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Мангыстау облысынан 100-ге жуық спортшы бақ сынайды.
Қамбар Андашев 1957 жылы Гурьев облысы, Махамбет ауданында дүние келген. Алматы мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтын тәмамдаған соң, 1979 жылы Махамбет ауылында балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек жолын бастаған. 1980-2000 жылдар аралығында жаттықтырушы, мектеп директорының орынбасары болып еңбек етеді. 2000-2001 жылдарда Махамбет аудандық туризм және спорт бөлімiнің бастығы қызметін атқарған. Бокстан КСРО-ның спорт шебері. Оның көптеген шәкірттері түрлі байқауларда жоғары орындарға ие болды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер