29 сәуірде «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында облыстағы банк секторының 2013 жылдың І тоқсанындағы жұмыстарының қорытындылары мен Біріккен Жинақтаушы Зейнетақы Қорын құру мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВТЫҢ (суретте) айтуынша, 1 сәуірде атыраулықтардың несиелері бойынша берешектері 206,8 млрд теңгені құраған. Соның ішінде жеке тұлғалардың берешектері 125,2 млрд теңгені құрады. Ал заңды тұлғалардың берешегі –81,6 млрд теңгеге жеткен.
Елімізде өзекті тақырыпқа айналғанБіріккен Жинақтаушы Зейнетақы Қорының құрылу тәртібі туралы ҚР Ұлттық Банкінің Атырау филиалы директорының орынбасары Орынтай КЕНЖЕТАЕВ түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, барлық зейнетақы қорларындағы ақшалар БЖЗҚ-ға 1 шілдеден бастап аударылады. Десек те, БЖЗҚ-ға өту жөніндегі заң актілеріне енгізілетін өзгерістерге байланысты бұл мерзім шегерілуі де мүмкін.
- Мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктер туралы анық белгілі, -деді Кенжетаев. – Біріншіден, барлық салымшылардың ақшасы қорда толық көлемде сақталуына кепілдік береді. Екіншіден, қордағы ақшалардың құнсыздануына жол берілмейді. Егер қордың жыл сайынғы пайдалық деңгейі инфляциядан төмен болса, онда бұл айырманы үкімет өз тарапынан төлейді.
Бұдан бөлек ол Біріккен Жинақтаушы Зейнетақы Қорын құрудың тиімділігін айтты:
-Еліміздегі 11 зейнетақы қорының облыста қазір7 филиалы жұмыс істесе, алдағы уақытта тек біреуі ғана жұмыс істейді. Онда 200 адамдай қызмет етсе, енді 50 шақты адам ғана жұмыс істейді. Ал бұрын қордағы қызметкерлер жалақысы біздің жарнамыздың есебінен өтелген болатын. Бұған дейін белгісіз болып келген зейнетақы қорларының инвестициялық кірісіне қарағанда БЖЗҚ-ның табыс бөлігі айқын болады. Тағы бір маңызды тұсы - енді өздеріне үлестес тұлғалардың пайдасы төмен акцияларын сатып алуда мәселе туындамайды.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ