Атырау, 4 қазан 07:14
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

«Арқадағтың» аттан құлағаны жария болып кетті

8 538 просмотра

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің аттан құлаған сәті. (Видеодан алынған скриншот). 28 сәуір 2013 жыл.Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің аттан құлаған сәті. (Видеодан алынған скриншот). 28 сәуір 2013 жыл.

Ашғабатта ақалтеке жылқысына арналған мейрамда өткен ат жарысына ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов те қатысты. Бірақ оның аттан құлағанын сол күні ипподромдағы жұрт қана көре алды.

Бірнеше жылдан бері өзін «спортқа құмар, денсаулығы мықты ел» ретінде насихаттап келе жатқан Түркіменстан сәуір айының соңғы жексенбісінде өздері мақтан тұтатын жануар – ақалтеке жылқысы мейрамын өткізеді.

Биылғы сондай мереке сәуірдің 28-іне тура келді. Осы мейрам құрметіне Ашғабат маңындағы ипподромда өткен ат бәйгесіне ел президенті, бұқаралық дене шынықтыру жаттығуларын енгізуші, жұрт алдында өзі де өнер көрсетуге құмар, «Арқадағ» (асқар тау) деген құрметті есімі бар Гурбангулы Бердімұхаммедов та қатысты.

«МЫҚТЫ ШАБАНДОЗ ПРЕЗИДЕНТ»

Гурбангулы Бердімұхаммедов жүйріктерді бір шақырым жерден айдайтын, шабандоздың жасы 30-дан жас болмайтын сайысқа – «Ұстаздар жарысына» қатысқан. Жеті шабандоз қатысқан бұл жарыста үшінші номерлі Бердімұхаммедов «Беркарар» деген жүйрікпен мәреге 1 минут 21,2 секундта жетіп, бірінші орын алды деп хабарлайды мемлекеттік ақпарат құралдары.

Мемлекет қарамағындағы БАҚ президенттерінің өзге шабандоздардан озып келіп, 11 миллион АҚШ долларына тең бас жүлдені ұтып алған сәтін көрсетіп, «Гурбангулы Бердімұхаммедов жүлдесін жылқы өсіру саласын дамытуға жұмсайтынын айтты» деді.

«Президент Гурбангулы Бердімұхаммедов бұл жолы да өзінің тек мықты шабандоз ғана емес, еркі мықты, қайсарлы да ер адам екенін көрсетті» деді түркіменнің мемлекеттік ақпарат құралдары.
 

ТӘРКІЛЕНГЕН «КӨРІНІС»

Бірақ EurasiaNet.org сайты жарыс болған күннің ертеңінде «Ақалтеке мерекесінің» жұртқа беймәлім бір видеосын жариялады.

Ол видеода өзге шабандоздардан озып келе жатқан адам (веб-сайт оны Гурбангулы Бердімұхаммедов деп суреттейді) мәреден өте бере аты сүрініп кетіп, омақаса құлайды. Аттың басынан аса құлаған шабандоз жерге етпетімен түсіп, аунап барып шалқалай кетеді де, қимылсыз қалады. Жарыс барысын салтанатты үнмен хабарлап тұрған адам да, қол соғып отырған бүкіл ипподром да сол сәтте тым-тырыс бола қалады. Жүйріктерді жанамалап келе жатқан екі көлік те тоқтай қалады. Алдыңғы қатарда отырған қара киінген жиырма-отыз адам құлап жатқан шабандозға жетіп барып, сәлден кейін оны ипподромға келген жедел жәрдем көлігіне салып жібереді. Жарысты тамашалаушы жұрт сол кезде ғана шуласып, қол шапалақтай бастайды.

Видеоның соңғы бөлігінде Гурбангулы Бердімұхаммедов жұрт алдына шығып, қолын бұлғайды – халық оған қошемет білдіреді.

 

ВИДЕО: Бердімұхамедовтің аттан құлаған сәті

 

КУӘГЕРЛЕРДІҢ СӨЗІ

Видеодағы оқиғаның расымен болғанын Түркіменстанға «Ақалтеке жылқысы күніне» барып, төрт күн бойы ат жарыстың түр-түрін көрген шетелдік қонақтардың екеуі (аты-жөндерін жарияламауды өтінді) растады.
Гурбангулы Бердімұхаммедов аттан ұшып кеткен кезде жұрт жым-жырт бола қалды. Әйелдер көздерін сүртіп тұрды.


– Гурбангулы Бердімұхаммедов аттан ұшып кеткен кезде жұрт жым-жырт бола қалды. Әйелдер көздерін сүртіп тұрды. Көрермендер өз орнында отырып қалды. Президент құлаған бойда жедел жәрдем келіп, оны алып кетті. Бердімұхаммедов жарты сағаттан кейін жұрт алдына шығып, өзінің аман-есен екенін көрсетті. Ештеңе деген жоқ. Жарыс сосын қайта жалғасты, – дейді оқиға куәгерлерінің бірі.

Оның айтуынша, «Ақалтеке жылқысы күніне» 22 елден жүзден астам журналист келген, қонақтар одан да көп».

– Ол жерде Түркияның, Ресейдің бірнеше телеарналары, тіпті BBC де болды. Бірақ әуежайда бүкіл нетбук, телефон, фотоаппаратымызды тексеріп, сурет пен видеоларды түгел өшіртті. Дәлел болар ешбір факт қалдырмады, – дейді бірінші қонақ.

 

ВИДЕО: Бердімұхамедовтің аттан құлағаны жайлы түрік телеарнасы сюжеті


Екінші шетелдік қонақтың айтуынша, президент Бердімұхаммедов қатысқандықтан, әуелі ат жарыстың осы түрі өткен.

– Бердімұхаммедов мәреге бірінші болып жеткен. Сол кезде аты сүрініп кетіп, ол ерден ұшып түсті. Құлап бара жатып қолын тіреп үлгерді де, есінен танып қалды. Бүкіл ипподром абдырап кетті. Таяу маңда тұрған министрлер сәл сасқалақтап қалды да, тұра жүгірді. Ештеңе көрінбей кетті. Күзетшілер оны көлікке тиемек болып, қоршауды бұза бастады. Сол кезде жедел жәрдем көлігі де жетіп, Бердімұхаммедовті алып кетті.  Жұрт қатты абдырап, халі нашарлаған бірнеше әйелге дәрігер шақыртты. Ипподром отыз минут бойы жым-жырт отырды. Содан кейін Бердімұхаммедов шығып, жұртқа қолын бұлғады. Кейін ат жарыстан соң ол қайта жұрт алдына келіп, өзінің кубогын екінші келген шабандозға табыс етті, жүлделерді тапсырды да, халыққа қаратып түркіменше ұзақ нақыл айтты, – дейді ол.

Оқиға куәгерінің айтуынша, Түркіменстан президенті әкімшілігінің қызметкері журналистердің бәрін жинап алып, сыпайы да мәдениетті түрде «жағдайды түсініп, кассеталарыңды беріңдер» деген. Одан кейін ұялы телефондарын тексерген. Әуежайда да бүкіл ақпарат сақтайтын құрылғылар тексеріліп, «Люфтганза» әуекомпаниясының рейсі жарты сағат кешіккен.

– Тіпті елшілерді де тінтті. Түркіменстанға жиі келетін шетелдіктер түсіністік танытты. Ал сирек келетіндер қатты тіксініп қалды, – дейді оқиға куәгері.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов ақалтеке атына мініп тұр.


2006 жылы Сапармұрат Ниязов өмірден өткеннен кейін билікке келген, 2012 жылы ақпанда 97 пайыз дауыс жинап, екінші мерзімге сайланған Гурбангулы Бердімұхамедов «ақалтеке жылқысын жақсы көретінін» жиі жарнамалауға құмар.

Салтанатты жиындарда атқа мініп шығатын, халықаралық ақалтеке жылқысы қауымдастығының басшысы Бердімұхамедов түркімен үкіметінің осы жылқыға арналған сайтына өзінің жылқы туралы жазған екі кітабын да салып қойған.

Дереккөз: azattyq.org

1 мамыр 2013, 19:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.