Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылындағы «РТС» ықшамауданы тұрғындары шағын футбол алаңы құрылысының сапасына көңілі толмай, әлеуметтік желіде бейнежазба таратты.
- Міне, іргетасын қалайша құйып жатқанын көріңіздер. Әр жерден жинап алған қызыл кірпішпен іргетасын қалай болса солай, цементті болар болмас құйып көз алдап жатыр. Оның үстіне футбол алаңын дұрыс тазартпаған, күбір қоқысы жатыр. Қоршаған тіректері де қисық-қисық, құлайын деп тұр. Жұмысты өте сапасыз атқарып жатыр. Бұл құрылысқа бюджеттен шамамен 4 млн теңгедей қаржы бөлінген, бұл аз қаражат емес, - дейді ашынған тұрғындар.
-Тұрғындардың алаңдауы орынды. Мердігер «Termogroup» ЖШС жұмысын дұрыс атқармай отыр. Олармен осы жылдың 19 шілдесінде келісімшартқа отырғанбыз, жұмыс көлемі көп емес, 2 қыркүйекте аяқталуы керек еді. Алайда ЖШС өз міндеттемесін орындаған жоқ, - дейді Құрманғазы округінің әкімі Абдрахман МУСА. - Жұмысын бастағанымен сапасыз болғандықтан тоқтатып тастауға тура келді. Келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындамай кешіктіргені үшін ЖШС-ті жосықсыз деп тану және тұрақсыздық айыбын өндірту үшін Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз бердік. Соттың алғашқы отырысы қыркүйектің 27-не белгіленді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видео әлеуметтік желіден алынды