21 қазан күні «AMANAT» партиясының мүшелері, Атырау облыстық Мәслихат депутаттары Айбар ЕРЕКЕШОВ пен Бақыт ҚАМЕТОВ екеуі қоғам белсенділерімен бірлесіп, Махамбет ауданы Жалғансай ауылы тұсындағы жер бейберекетсіз қазылып, бүлініп жатқанын анықтады.
- Бұл Жалғансай ауылынан 1,5 км жерде болып жатқан көрініс. Жайық өзеніне жақын, ерекше қорғалатын аймақты 6 айдан бері заңсыз карьерге айналдырған. Жұмысшылардың айтуынша Жалғансай ауылының ішкі жол құрылысын ұтып алған мердігер мекеме осы топырақты төсейтінін айтып отыр. Дәл осы топырақ жол төсеу жұмысына пайдаға аспайды, күні кешегі жаңбырда «Атырау-Астрахан» тас жолын су шайып кетіп, үңгір пайда болды. Сол сабақ болмады ма? Жалғансай ауылында да осы жағдай, кәсіпкерлер мүлдем адамгершіліктен айрылған ба, қалай түсінуге болады? Біз мынадай екі сұраққа жауап алғымыз келеді, біріншіден, Махамбет ауданы әкімшілігі 6 айдан бері бұл заңсыздықты неге тоқтатпаған, екіншіден, ауыл халқы малын қайда бағады? Шығысы Жайық өзені, батысы облысаралық тас жол, енді оған карьер қосылып отыр, - дейді А. Ерекешов.
Депутаттар және қоғам белсендісі қатысқан рейд кезіндегі бейнежазбада ірі көлемді жердің ту-талақайы шығып жатқаны көрінеді.
- Жер қойнауын бүлдіріп қазып жатқандарды көрсету үшін полиция өкілдерін де шақырдық. Жерге үлкен зардап келтіріп жатыр, міне экскаватордың қалағын көріп тұрсыздар, бейберектсіз қазып жатыр. «КамАЗ» көліктерімен қоса «Шахман» да осында. Бұлар жолды салып жатқандар. Топырақты мына жерге үйіп жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, әкімдер біліп отыр. Бұл сорақылықты тоқтатып, шарасын алу керек, - дейді А.Ерекешов.
Кейін Ерекешовтың жазбасына аудан әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ былайша жауап берген:
- Жалғансай ауылындағы ауылішілік жолдарын жөндеумен мемлекеттік сатып алу рәсімінің қорытындысына сәйкес жеңімпаз - бас мердігер мекеме "АИС" мекемесі айналысуда. Бұл мекеменің инертті материалдарды тасымалдау бойынша Таңдай ауылында орналасқан "АтырауКөлік" ЖШС-нің заңды белгіленген карьерінен тасу жөнінде келісім шарт бар екенінен хабардармыз. Осыған сәйкес ауыл айналасындағы асфалт төсеміне зиян келтірмеу мақсатында арнайы маршрут белгілеп бергенбіз. Жалпы жұмыс басталған кезде инертті материалдарын жинақтау орны белгіленіп тасымалданды. Қазіргі уақытта орын алып отырған жағдайға толығымен мердігер мекеме жауапты екенін хабарлаймыз. Осы мәселе бойынша материалдар құзырлы органдарға жолданып, бақылауға алынады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер, бейнежазбалар Айбар Ерекешовтың Facebook-тегі жеке парақшасынан алынды