Атырау, 27 желтоқсан 07:30
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Маусымдық мәселе

2 857 просмотра

Саяжай маусымы да басталды. Редакцияға өздерінің маңызды проблемаларымен бағбандар хабарласа бастады.  «Черная речка» бағбандық қоғамының уайымы мен оның белсенді төрайымы Галина ДИМИТРОВИЧ (суретте) туралы біз өткен жылы жазған едік («АЖ» №31, 2.08.2012 ж., «Саяжай иелері сарыуайымға салынды» жарияланымын қараңыз). Бір жылдай уақыт өтті, ал саяжайшылардың проблемасы сол күйі өзгермеген.

...ТЫНЫШТЫҚ ОРНАДЫ

Естеріңізге салсақ, 2011 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі сол кездегі премьер Кәрім МӘСІМОВКЕ 2011-2014 жылдарға саяжайларды, бағбандық және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау шараларының кешенді жобасын ұсынған еді. Басты идея – қала төңірегіне «азық-түлік белдеуін» құру болатын. Мемлекет жаңа саяжай массивтеріне арналған инфрақұрылым салып, ескілерін жөндеп, электр энергиясы мен суарма суының тарифтерін төмендететін болады деп жобаланды.

Бұдан басқа, аталмыш жобаны бекіту туралы 7.12.2011 жылғы №1482 үкімет қаулысына сәйкес, Әлеуметтік-Кәсіпкерлік Корпорация мен бизнес-құрылымдары арқылы тұқымдарды, көшеттерді, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жүйелі жеткізуді жолға қою, бағбандарға шағын несиелеуді ұйымдастыру, оларға коммуналдық базарлардан сауда сөрелерін бөлу жоспарланды.

Бір сөзбен айтқанда, саяжайшылардың еңселері көтеріліп қалған еді. Бірақ, іс жүзінде олай болмай шықты. Жергілікті әкімдіктер бүкіл қажетті ақпараттарды жинап алған. Содан кейін... мүлгіген тыныштық.

 

ДЕПУТАТТАР НЕ ҮШІН?

Атыраулық саяжайшылардың басындағы проблемалар бұрынғыша: шоқалақ жолдар, маршруттар жоқ, суаратын су құбырлары тозған, ауыз суды жүргізуге бәрінің бірдей қалталары көтере бермейді. Сол «Черная речка» бағбандық қоғамының өзінің қосалқы стансасы жоқ, соның салдарынан электр энергиясы «АтырауСуАрнасы» КМК-нен бір киловаты 17 теңгеден сатылып алынады. Бірнеше жылдан бері Галина Юрьевна құны 1,5 млн теңгедей болатын қосалқы стансаны орнату өтінішімен әкімдер мен депутаттардың табалдырығын тоздырып жүр. Бюджет үшін бұл ондай көп қаражат емес, ал саяжайшылардың негізін құрайтын зейнеткерлер үшін қыруар ақша.

Мен бұрынғы облыстық және қалалық биліктерге жүгіндім. Бәрі де көмектесеміз деп уәде ғана берді. Ауыл шаруашылық басқармасына, «Нұр Отанға» хабарластық – бәрі зая. Облыстық мәслихат депутаты Мәрия ҚАРАЖІГІТОВАНЫҢ қабылдауында болдым. Ол маған мәслихатта менің проблемаларымды айта алмайтынын жеткізді. Ал мұны неге айтпасқа?! Сонда депутаттар не үшін керек? – деп түсінбей дал болдыГалина Юрьевна.

 

САТАТЫН ЖЕР ЖОҚ

Ал кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс есептегендей, толық күшпен жұмыс жасайтын саяжай шаруашылықтарының қызметінен түсетін пайда көп болар еді. Өзіңіз ойлап қараңыз, тіпті бүгінде Галина Юрьевнаның саяжайынан көкөністер мен жемістердің (жаңа піскен және қалбырланған күйде) қызығын ұлдарының бес жанұясы көріп отыр. Бұл 30 шақты адам. Көптеген саяжай шаруашылықтарында да осылай. Біздің атыраулық саяжайшылардың қолдары алтын десе болады. Олардың бақшасында бәрі бар: сәбіз, қызылша, картоп, қияр, қызан, баялды, бұршақ, қауын, кәді, жералмұрт, қояншөп және т.б. Жеміс-жидектерден: алма, алмұрт, бүлдірген, таңқурай, қарақат, айва, шие, қызыл шие, шабдалы, өрік, қарлыған, жүзім және көптеген түрлерін өсіреді.

Саяжайшылар өздерінің жаңа піскен әрі экологиялық қауіпсіз өнімдерін сататын жер болса, көп өсірер едік дейді. Қаламызда коммуналдық базарлар жоқ, ал жеке базарларға оларды кіргізбейді, сауда орнын жалға алуды талап етеді. Көшеде сатуға болмайды. Нәтижесінде саяжай өнімдерінің артылғаны алыпсатарларға беріліп, олар қала тұрғындарына қымбат бағасымен сатады.

 

ТАҒЫ БІР КЕҢЕС

Менімен сөйлескен тәжірибелі аграрлардың бірі атап өткендей, Атырау төңірегінде ірі бақ шаруашылығын салу тиімсіз екен. Халық көп емес, сондықтан өнімдерді өткізуге қатысты проблема туындамақ. Проблеманы шешу – қызмет етіп тұрған саяжай шаруашылықтары мен жылыжайларды қолдау және олардың санын көбейту. Мұндай жағдайда ұсынысты көбейту есебімен және тиісінше саяжай өнімінің бағасы бүгінгідей әкімшілік әдістермен емес, табиғи бәсекелестік жолымен азаятын болады.

16 сәуірде облыстық әкімдікте аталмыш ауылшаруашылық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңес болып өтті. Оған жұмыс істеп тұрған 30 бағбандық қоғамның алтауы ғана шақырылды (тіркелгені 59).

Дегенмен, кеңесте саяжайшылар үшін оптимистік, тың мәселе айтылмады. 25 сәуірге дейін әкімдіктер жауапты тұлғаларды бекітіп, «лауазымды тұлғаларға талапты күшейтулері»; 15 мамырға дейін – тағы да инвентаризация жүргізіп, инфрақұрылым нысандарын зерттеп, қаржы құралдарының қажеттілігін анықтап, қоғамдық көліктермен, көшеттермен және т.б. қамтамыз етуі тиіс болатын.

Бірақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар хабарлағандай, бұл шаралар кешенін жүзеге асыру үшін ол бағдарламамен және қаржы құралдарымен бекітілуі тиіс екен. Өкінішке орай, әзірге қаржы бөлінген жоқ. Ал бұл саяжайшыларды тағы бір қиын жаз күтіп тұр деген сөз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.