Атырау, 27 желтоқсан 07:28
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Саяжай иелері сарыуайымға салынды

2 702 просмотра

Өткен жылы үкімет қазақстандық саяжай иелерін олардың шаруашылығына қолдау көрсететін 3 жылдық жобамен үміттендірген еді. Көп жыл бойына биліктің назарынан тыс қалған саяжай иелері бұған сенім артты. Алайда, ол бекер болды.

2011 жылдың маусымында министрлер кабинетінің отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВКЕ 2011-2014 жылдарға арналған саяжай, бағбандық және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау жөніндегі шаралар кешенінің жобасын ұсынған еді. Ол ірі қалалар маңында азық-түлік аймағын құру жөніндегі масштабты бағдарлама аясында жасақталды. Жаңа саяжайлық массивтердің инфрақұрылымдарының құрылысына және бұрыннан келе жатқан саяжайларды қайта жарақтауда, саяжай иелері мен бағбандар үшін электр энергиясы мен суару тарифтерін төмендетуге мемлекет қатысады деген болжам болған еді.

ТАБАНЫНАН ТОЗҒАН ТӨРАЙЫМ

Бұл жоба туралы білген «Чёрная речка» бағбандық қоғамының төрайымы Галина ДИМИТРОВИЧ (суретте) бірінші болып қуанған еді. Оның айтуынша, көп бөлігі зейнеткерлерден тұратын қоғам мүшелерінің проблемалары жетерлік екен. Біріншіден, шұңқыр-шұңқыр ойылған жолдар. Маршруткалар бұл жаққа жүрмейді, саяжайшыларға негізгі тас жолға дейін (Астрахан трассасы) жаяу жүруге тура келеді және 5 литрлік баклажкадағы ауыз суды тасу оңайға түспейді. Осымен бар мәселе біте қалды деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине.

- Біздің басты проблемамыз – бұл электр энергиясының жоғары тарифі – бір киловатт үшін 17 теңге, - деп әңгімелейді Галина Юрьевна. – Бір айда 75 учаскені суару үшін (сорғымен) «АтырауСу Арнасы» КМК-нан алатын электр энергиясы 900 мың теңгеге шығады. Ойлап қараңызшы, қандай көп сома! Егер мемлекеттен уәде етілген субсидияны бағбандық қоғам алған болса, онда біз 400 мың теңгені, яғни, тең жартысын үнемдеген болар едік. Бұдан басқа, бұл жағдайда тариф біз үшін 2 есе төмен -7-8 теңге болған болар еді. Бұл үшін қоғам аумағын заңдастыру керек, ал, онымен соңғы жиырма жылдан бері ешкім айналыспаған. Осы жылдың 4 сәуірінде мен қалалық жер қатынастары бөліміне құжаттар пакетін тапсырып қойдым. Дайын құжаттарды алуға 15 сәуірде келгенімде олар жоқ болып шықты. Қайда кеткенін іздестіре бастасам, ешкім еш нәрсе білмейді. Оларды әр терезені аралап, сұрастыра отырып, өзім тауып алдым. Ол жерде құжаттарды дайын емес, өйткені, басқа бөлімге түскен деп дөрекі түрде бетіме лақтырып жіберді. Кешіріңіз, бұл жерде менің кінәм не?! Кінәлі олар. Бірақ, оны кімге дәлелдеп жатасың? Құжаттарды қайтадан тапсыруға тура келді. Тапсыруын тапсырғанмен, еш нәтиже доқ. Қашан барсаң да бір аптадан соң кел деп шығарып салады. Мамыр, маусым айы келді, міне, құжатты тағы да жоғалтқан. Ал, олар жақында ғана Хаким ШАЛТАНОВТЫҢ орнына тағайындалған бөлім бастығы Нәсіпқали СТАМҒАЗИЕВТІҢ қабылдауынан кейін табылды. Ол жазып алып, өз қарамағындағыларды шақыртып, құжаттарды рәсімдеуді жеделдетуге тапсырма берді. Одан кейін де тыныштық орнады. Г. Димитровичтің айтуынша, саяжайшыларға тығырықтан шығар жол осы ауданда жеке қосалқы станса құрылысы болар еді, бірақ оның құны 1,3 млн теңге, оны саяжайшылардан жинау мүмкін емес.

- Қосалқы станса құрылысына және ауыз суды жүргізуге, ең болмағанда колонканы орнату үшін көмек сұрап бармаған жерім жоқ: қалалық әкімдік, ауылшаруашылық басқармасы, Нұр Отан, АСА. Олардың ешқайсысынан көмек болмады. Бұл аздай, тағы да 25 жылдан бері тұрған тозығы жеткен суару құбырын ауыстыру да керек. Биылғы жылы 100 метрдей учаскені жөндеуге ғана ақша табылды. Бұдан басқа да кемшін тұстар жетерлік. Бұл жерде 2 қабатты үйлер салған немесе өндірістік цехтар ашқан «мықтылар да» бар, олардың өздері егін суаратын су үшін ақы төлеуден бас тартып отыр. Айтатын уәждері: бұл жерде мен тек тұрып қана жатырмын. Ал, өздері бақшаларын суарып отыр. Ал, бізден «Атырау Водхоз» РМК бақша суарғаны үшін ақыны бағбандық қоғамның жалпы алаңына алады, міне, сондықтан да сол адамдардан ақыны қайтарып алуға тура келеді. Машақаттарының көптігі сондай, өз шаруашылықтарына қолдары жетпей жатады, - деп күледі Галина Юрьевна. Оның шаруашылығы жаман емес: жеміс ағаштары, көкөніс, бақша, гүлдер. Құстардан тауық, күркетауықтар, қояндар бар. Үрмелі хауыз судан сарқылып жатыр.

- Менің немерелерім көп, солар үшін өсіріп жатырмын. Бұрын көп уақыт балалар үйіне көмектестім. Негізінен өнімнің барлығын өзіміз пайдаланамыз. Өз өнімдерін базарда сататын саяжайшылар да бар. Бұл енді нағыз химикатсыз өсірілілген таза өнім. Бұл жерде жалғыз өзім тұрамын.

- Қорықпайсыз ба? Бұл жерде кім көрінген қаңғып жүреді емес пе…

- Қазір тыныш. Бұрын піскен өнімнің бәрін тонайтын. Ұры кімдер дейсіз ғой, бақша өсірмейтін саяжай иелерінің балалары, негізінен жасөспірімдер. Мен олардың барлығын білемін, бірден ата-анасына барып, әңгімелесемін. Қазір бәрі де тыныш.

 

ОЛАРДЫҢ ҚОЛЫНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

Бағытжан ҚАДЫРХАНОВТЫҢ учаскесі де Сарыөзек маңында, Астрахан тас жолының оң жақ бетінде. Оны саяжай деп атауға аузың бармайды. Бұл дегеніңіз үлкен бір шаруашылық. 56 сотық жердің көп бөлігінде 450 жеміс ағашы өсіп тұр, өткен жылы алхорының өнімділігі 300 келідей болса, шие – 150 келі, қызанақ – 3 тонна болды. Қияр, баялды, қарбыз, қауын, алма, тіпті, күнбағысқа дейін өседі. Қалған бетон төселген бөлігіне үй, жазғы ас үй, иттерге арналған торлы үйшік, тауық қора, машина үшін жаппалар салынған. Шаруашылыққа қарақалпақтардың отбасы қарайды. Олар әр жыл сайын саяжай маусымында келеді.

Бағытжанның көршісі өз учаскесінен 15 тоннаға дейін қызанақ жинайды. Олардың екеуі де отбасыларын экологиялық таза өніммен тамақтандырып отыр, қысқа дайындайды, туысқандарына береді, артылып қалғандарын демалыс күндері Тұрғын үй қалашығындағы стадион маңындағы әлеуметтік жәрмеңкеде сатады.

- Біздің 150 - 200 келі қиярымыз сенбі күні жәрмеңкеде жарты сағатта сатылып бітеді, - деп мақтанышпен әңгімелейді Бағытжан. – Адамдар біздің өнімімізді біліп алған, бағасы қымбат та емес. Мен тіпті зауыттан шыққан Түркия өндірісінің жылыжайын сатып алдым. Бірақ оны жарық пен газдың және судың жоқтығынан орната алмай отырмын. Қазір суды бақшаны суару үшін дизелді сорғымен Сарыөзектен алып отырмыз. «ҚазТрансойл» АҚ-ның электр тарату желісіне қосылғымыз келген, бірақ олар рұқсат бермеді. Жақын жерде газ желісі де бар. Егер инфрақұрылымдар салынған болса, мына жердің барлығы (айналаны көрсетіп) саяжай шаруашылығы үшін беріліп, бірден иегерілген болар еді. Өткен жылы біз осы мәселемен қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Г.ИМАНҒАЛИЕВКЕ жолыққан болатынбыз, алайда нақты жауап алғанымыз жоқ.

АСТАНАДА ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛДЫ

Қалалық әкімдікте біз өткен жылы Атырауда жалпы алаңы 659 гектар болатын 59 бағбандық қоғамның есепке тіркелгендігін білдік. Олардың ішінде 30-ы ғана үнемі жұмыс жасайды. Саяжайшылардың басындағы проблемалары бірдей десе болады: оларды судың берілуі мен электр энергиясы, саяжайды күзету, жол, маршруттардың бөлінуі толғандырып отыр.

- 2011-2014 жылдарға арналған саяжай учаскелері мен бағбандық қоғамдарға қолдау жөніндегі үкімет бағдарламасы аясында қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі саяжай учаскелері мен бағбандық қоғамға түгендеу жүргізді. Қызметкерлер саяжайларға барып, оның иелерімен жолықты, олардың негізгі мәселелерін анықтады. Барлық ақпаратты біз облыстық басқармаға жолдадық, ол жерден ол республикалық ведомствоға жіберілді. Бүгінгі күнге дейін бізге республикадан не жоспар келген жоқ, не қаржы бөлінбеді. «Чёрная речка» бағбандық қоғамының құжаттарына келетін болсақ, Н.Стамғазиевтің хабарлағанындай, ол 1 тамызда осы құжатқа қол қойдыру үшін қала әкіміне кіреді, - деп түсінік берді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.

Саяжай иелері көмек беру бағдарламасына келетін болсақ, өткен жылы К.Мәсімов бұл жобаны «толығымен қолдауға болады» деп атап өтті. Және құжаттарды қорытындылау үшін қарауға және үкімет отырысында бекітуге дайындауды тапсырған болатын. Шамасы, бекітпеген болды.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

1 тамыз 2012, 21:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.