220 кВ Атырау-Құлсары желісінің АМӨЗ-ге қатысы жоқ, деп хабарланды KEGOC-тың ресми сайтында.
«KEGOC» АҚ 2023 жылғы 13 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 07:46-да 220 кВ Ж-2025 Атырау-Құлсары электр жеткізу желісі автоматты түрде қайтадан қосыла отырып, ажыратылғанын, осылайша желілердің қалыпты жұмысы бұзылмағанын хабарлайды. Бұл желінің Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысы жоқ.
Аталған зауытта кернеуі 0,4 кВ жекелеген қосылулар ажыратылды. Соның нәтижесінде АМӨЗ-дің тұтыну көлемі 64-тен 56 МВт-қа дейін төмендеді.
Сағат 08:55-те зауыт қызметкерлері жабдықты жұмысқа қосты. Осылайша бастапқы тұтыну қалпына келтірілді.
"KEGOC" АҚ АМӨЗ-мен бірлесіп зауыттағы автоматика жұмысының дұрыстығын қарауға дайын" делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 13 қыркүйекте АМӨЗ-де электр энергиясы кернеуі төмендеді. Осыған байланысты зауыттың баспасөз қызметі былай деп хабарлама таратты.
«АМӨЗ» ЖШС 2023 жылдың 13 қыркүйегі сағат 06:45-те (жергілікті уақыт) «KEGOK» АҚ тарапынан электр энергиясы кернеуінің төмендеуі салдарынан бірқатар технологиялық қондырғылардың жұмысы тоқтағанын хабарлайды.
Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында зауыттың отын желісі факелдік жүйеге жіберілді. Қазіргі уақытта қондырғыларды қайта қосу, режимді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Орын алған жағдай өндірістік процеске айтарлықтай әсер етпейді".