Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ербол ҚҰСАЙЫНОВ есімді Атырау қаласы тұрғынының 10 қыркүйекте жоғалғаны белгілі. Туыстарының айтуынша, ол достарымен бірге балық аулауға кетіп, оралмаған.
Ер адамның денесі Жайық өзенінен 13 қыркүйек күні сағат 9:30 шамасында балық аулады деген жерден 50 метр қашықтықта анықталып, табылды. Алдын-ала болжам бойынша жоғалған ер адам суға батып кеткен. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Іздестіру жұмыстарына Атырау облысы Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және Ұлттық ұланның 80 сарбазы мен кинология бөліністері және сүңгуірлер жұмылдырылды. Қосымша дрон да қолданылды.
Ер адамның артында алты баласы қалды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА